Жаңаөзендік фотограф қарақұтандардың ұя салғанын таспалады
АҚТАУ. KAZINFORM – Қарақұтан (баклан) Маңғыстауда мекендейді. Олардың ерекшелігі – ұясын ашық аспан астында, қаз-қатар тізіп, бір жерге шоғырландырып салады. Осы көріністі бейнежазбаға түсірген фотограф Бақытжан Жұмағалиұлы Kazinform тілшісімен кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.

Бақытжан Жұмағалиұлы – әуесқой фотограф. Жаңаөзен қаласының тұрғыны. 15 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келеді. Ал Маңғыстаудың көркем табиғатын, аң-құстарын фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей бастағана 1 жылдай болған.
- Бұл түсірілімдер арқылы Маңғыстаудың табиғаты мен жан-жануарларын насихаттап қана қоймай, халықты табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, құрметтеуге шақырғым келеді, - дейді фотограф.

Ол қарақұтандар мекендейтін аумаққа жету үшін ұзақ жол жүргенін айтады. Жеткен соң қанаттыларды үркітіп алмау үшін алыстан ғана түсіріпті.
- Қарақұтандарды түсіру үшін Ақтау қаласынан таңғы 05:00 шығып, Кендірлі демалыс орнына сағат 08:00 жеттік. Ары қарай қайықпен қарақұтан мекендейтін жерге жеттік. Түсірілімге 1 сағаттай уақыт жұмсадым. Құстарды үркітпеу мақсатында қашықтан түсіріп кері қайттық, - дейді фотограф.
Бақытжан Жұмағалиұлы бұған дейін тау-тасқа ұя салған қарақұтандарды бейнежазбаға түсірген. Бұл жолы жерде қаз-қатар тізілген ұяларды көріп қатты таңғалған. Яғни, қарақұтандай екі түрлі ұя салады.

- Маңғыстау облысында қарақұтандар жаппай ұя салып, балапан өргізу кезеңіне кірісті. Бұл құстардың ерекшелігі - ұяларын ашық далада, шөптің үстіне қаз-қатар тізіп, ерекше шоғырланған түрде орналастырады. Қарақұтандардың ұя салу үлгісі қолдан қойғандай көрінеді. Яғни, бірдей арақашықтық пен реттелген тәртіп бар. Мұндай көрініс Қазақстанда өте сирек кездеседі. Мамандардың айтуынша, Маңғыстау – баклан құстарының ең көп шоғырланған аймақтарының бірі, - дейді Бақытжан Жұмағалиұлы.
Фотографтың қарақұтандар туралы бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр.
Әуесқой фотограф бұған дейін байғыз, қарамойнақ фелип, құтан, аққу құстарын таспалаған. Маңғаз Маңғыстаудың төрт түлігін де ерекше қырынан түсіріп жүр.
- Осы кәсібімнің арқасында Маңғыстаудың ерекше жерлерін көрдім. Сұлу табиғаты әрдайым таңғалдырады. Оның тау-тасын, аң-құсын ерекше құрметтеймін, - дейді Бақытжан Жұмағалиұлы.
Бұған дейін, Маңғыстауда Бозжыра шатқалына шетелдік инвестор қонақүй салуға ниет білдіргені туралы жазған болатынбыз.