Трамп тағы бір тележүргізушіні министр етіп тағайындамақ

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Көлік министрі қызметіне Шон Даффиді ұсынды, деп жазады NBC News.

Фото: foxnews

Шон Даффи - бұрынғы конгрессмен және ол да Трамп өткен аптада қорғаныс министрі етіп сайлаған Пит Хегсет сияқты Fox телеарнасының жүргізушісі болып жұмыс жасайды.

Дональд Трамп Висконсиннен шыққан республикашыл Шон Даффиді «көрнекті әрі бәрі жақсы көретін мемлекеттік қызметкер» деп сипаттады.

«Конгресстегі уақытында Шон республикалық конференцияда фискалды жауапкершілікті, экономикалық өсуді және ауылды дамытуды жақтайтын құрметті спикер болды», - деді Дональд Трамп.

Шон Даффи «X» әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде: «Рахмет, президент мырза. Мен сізге көліктің алтын дәуірін бастауға көмектесуге асықпын» деп жазды.

Бұл қызмет Сенаттың мақұлдауын талап етеді. Кадр саясаты басқармасының мәліметінше, көлік министрлігінде 58 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

53 жастағы Шон Даффи 2011-2019 жылдар аралығында Өкілдер палатасында қызмет еткен. Ол Қаржы қызметтері комитетінің мүшесі әрі Қадағалау және тергеу жөніндегі кіші комитеттің төрағасы болды. Ол 2019 жылдың қыркүйегінде баласының жүрек ауруымен туатынын білгеннен кейін Конгресстен кетіп қалды.

Өкілдер палатасына сайланғанға дейін Шон Даффи Висконсин штатындағы Ашлендте арнайы прокурор, содан кейін Ашленд округінің прокуроры болды.

Бұған дейін Трамп өзінің болашақ әкімшілігіне алғашқы тағайындауларды жариялаған болатын. Содан кейін ол Пентагон мен ЦРУ басшыларын атады және Маскқа үкіметтің тиімділік департаментін басқаруды ұсынды.

Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы лауазымына кіші Кеннедидің кандидатурасын ұсынды, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлттық барлау басқармасының басшыларын және Ақүйдің жаңа баспасөз хатшысын тағайындады.

Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың энергетика министрі лауазымына Liberty Energy мұнай компаниясының басшысын ұсынды.