Трамп Ақ үй маңындағы атыс кезінде жараланған сарбаздың қаза тапқанын жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп 20 жастағы Сара Бекстромның қайтыс болғанын мәлімдеді. Ол сәрсенбі күні Вашингтондағы оқ атудан зардап шеккен Ұлттық гвардияның қызметкерлерінің бірі болған, деп жазды ВВС.

Фото: Oxu.az

«Батыс Вирджиниядан шыққан Сара Бекстром — біз айтып отырған гвардияшылардың бірі, қадірлі, жас және тамаша әйел. Ол 2023 жылдың маусымында қызметке кіріскеннен бастап барлық жағынан ерекше жан ретінде өзін көрсетті. Ол қазір ғана өмірден өтті», — деді Трамп Алғыс айту күніндегі әскери қызметкерлерге жолдаған үндеуінде.

Айта кетейік, Ұлттық гвардия сарбаздары сәрсенбі күні Ақ үйдің маңында жасалған қарулы шабуылдың құрбаны болған. Басты күдікті — 29 жастағы Ауғанстан азаматы Рахманулла Лаканвал, оның америкалық әскерлердің елден шығарылғаннан кейін АҚШ-қа көшіп келгені белгілі болды.

Тағы бір зардап шеккен, 24 жастағы Эндрю Вульф қазір ауыр жағдайда ауруханада ем алып жатыр.