Трамп әкімшілігі Аляскадағы мұнай мен газды барлау лицензияларын аукционға шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі жұма күні Аляскадағы Арктикалық ұлттық табиғи қорықта (ANWR) мұнай мен газды барлау және өндіру лицензияларын сату бойынша аукцион өткізді. Алайда сауда нәтижесінде жеңімпаз ұсыныстардан небәрі 3,7 млн доллар түсті, деп хабарлайды Reuters агенттігі .

Фото: ҚМГ

Аукционға жалпы аумағы шамамен 278 828 гектарды құрайтын 58 учаске шығарылды. Бұл аумақ ақ аюлар, карибу бұғылары мен қоныс аударатын құстар мекендейтін табиғи ортасымен танымал шалғай қорықта орналасқан.

Сауда барысында жалпы көлемі шамамен 70 мың акр болатын бес учаскеге бар болғаны тоғыз өтінім түскен. Аукционға тек Hex Energy LLC компаниясы мен Alaska Industrial Development and Export Authority (AIDEA) мемлекеттік корпорациясы қатысқан.

Ең жоғары ұсыныс №112 учаске үшін жасалып, оның құны 1,7 млн долларды құрады. Бұл ұсынысты Hex Energy компаниясы берген.

Жұма күнгі сауда былтыр президент Дональд Трамп қол қойған One Big Beautiful Bill Act заңы аясында көзделген ANWR-дегі төрт аукционның алғашқысы болды.

Бұл бастама Трамптың АҚШ-тағы энергия ресурстарын өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі уәдесіне сәйкес келеді. Оны Аляска штатының билігі мен кейбір жергілікті қауымдастықтар қолдап отыр. Олар ANWR аумағындағы кен орындарын игеру жаңа жұмыс орындарын ашып, штаттағы мұнай өндірісінің төмендеуін тоқтатуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Осы уақытқа дейін мұнай-газ компаниялары Бофорт теңізі жағалауындағы көлемі 1,5 млн акр болатын ANWR жағалау аймағына айтарлықтай қызығушылық танытқан жоқ.

АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауынша, бұл аумақта техникалық тұрғыдан өндіріп алуға болатын 11,8 млрд баррельге дейін мұнай қоры болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта АҚШ-та мұнай өндіру көлемі Техас пен Нью-Мексико сияқты штаттардағы қолжетімді кен орындарын игерудің арқасында рекордтық деңгейде тұр.

Сонымен қатар көптеген компаниялар жаңа жобаларға жұмсалатын шығындарды қысқартып, қаражатты акционерлерге қайтаруды жөн көріп отыр.

Мұнай-газ саласының өкілі Алясканың сала үшін маңызды өңір болып қала беретінін айтты.

Алясканың Солтүстік еңісіндегі ANWR-мен көршілес орналасқан Ұлттық мұнай резервінен (NPR-A) айырмашылығы, аумағы 19 млн акр болатын бұл қорықта жолдар, өндірістік нысандар және өзге де инфрақұрылым жоқ.

Айта кетейік, әлемдік мұнай нарығында не болып жатқанын осы жерден оқи аласыз.

Ал ExxonMobil компаниясы мұнай бағасы барреліне 160 долларға дейін жетуі мүмкін екенін болжады.