— Біз Иран блокадасын қайта енгіземіз. Ол осылай аталады, өйткені Иранның кемелері мен Иранмен жұмыс істейтін клиенттердің порттарға кіруіне немесе олардан шығуына ғана кедергі жасайды, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ президентінің айтуынша, АҚШ Ормуз бұғазының «қауіпсіздік кепілі» қызметін атқарып, бұғаз арқылы тасымалданатын барлық жүктерге 20 пайыздық алым енгізеді.
Трамптың сөзінше, бұл алым «әлемнің аса тұрақсыз өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындауға қажетті барлық шығындарды өтеуге» жұмсалады.
— Тиісті тетік әзірлеу және оны қалыптастыру жұмыстары дереу басталады, — деді ол.
АҚШ пен Иран арасындағы соққылардың қайта жалғасуы аясында қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық күшейіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы күрт азайды.
Теңіз тасымалы бойынша деректерді талдайтын Kpler компаниясының мәліметінше, жексенбі күні бұғаздан небәрі 14 кеме өткен. Бұл — соңғы бір айдағы ең төменгі көрсеткіш.
Бұған дейін АҚШ әскери күштері Ирандағы әскери нысандарға қарсы жаңа соққы сериясын бастады. Бұған жауап ретінде Тегеран Иордания, Бахрейн, Кувейт және Омандағы АҚШ әскери нысандарына шабуыл жасалғанын хабарлады.