Трамп АҚШ-та сағат тілін жылына екі рет ауыстыруды тоқтатуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Сенатты жазғы және қысқы уақытқа ауысуды тоқтатуды көздейтін заң жобасын қабылдауға үндеді. Ол сенатор Том Коттонды құжаттың қаралуына кедергі келтіріп отыр деп айыптады, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Anadolu Ajansı

Трамп бұл мәлімдемені Огайо штатындағы митингіге бара жатқан жолда Ақ үй маңында журналистерге берген сұхбатында жасады.

Президент АҚШ-та сағат тілін ауыстыру тәжірибесінен бас тартып, тиісті заң жобасын Сенаттың қабылдауы қажет екенін айтты.

Трамптың сөзінше, қолданыстағы жүйе ел экономикасына айтарлықтай салмақ түсіріп, адамдардың қалыпты өмір ырғағын бұзады.

— Біз жылына екі рет сағат тілін алға және артқа ауыстыру сияқты осы ақылға қонымсыз тәжірибе мен дәстүрден арылғымыз келеді, — деді ол.

Трамп америкалықтардың басым бөлігі күндізгі жарықты ұзағырақ пайдаланғысы келетінін атап өтті. Алайда қысқы уақытқа көшкеннен кейін күн ерте бататынын айтты.

Президент сондай-ақ заң жобасының Сенатта қаралуына кедергі келтіріп отырған республикашыл сенатор Том Коттонды сынға алды.

Трамп құжаттың бұған дейін Өкілдер палатасында 80 пайыздан астам дауыспен мақұлданғанын еске салды.

— Заң жобасы Сенатта біраз уақыттан бері жатыр. Том Коттонды әрекет етуге көндіре аламыз деп үміттенемін. Том Коттон заң жобасына тосқауыл қойып отыр, бұлай істеуге болмайды, — деді президент.

Бір күн бұрын Трамп өзінің әлеуметтік желісінде Коттонның ұялы телефон нөмірін жариялап, сайлаушыларды сенаторға қысым көрсетуге және оның заң жобасының қабылдануына кедергі келтірмеуін талап етуге үндеген еді.

АҚШ-та жазғы уақытқа ауысу әртүрлі формада Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері қолданылып келеді. 1966 жылы бұл жүйе федералдық заң арқылы бүкіл ел аумағында енгізілді.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп командасы 120 күнде АҚШ-тың жасанды интеллект саясатын айқындайтынын жазғанбыз.