Трамп командасы 120 күнде АҚШ-тың жасанды интеллект саясатын айқындайды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың жасанды интеллект жөніндегі командасы 120 күн ішінде технологияның тәуекелдері мен мүмкіндіктері туралы баяндама дайындап, сондай-ақ жасанды интеллектіні реттеудегі үкіметтің рөлін айқындайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап.

Дональд Трамп
Фото: Report.az

The Wall Street Journal (WSJ) газетінің хабарлауынша, «Суперинтеллект күштерін» (Super Intelligence Force) Ұлттық барлау директоры Джей Клейтон басқарады. Президент әкімшілігінде ол іс жүзінде жасанды интеллект мәселелері бойынша бас үйлестіруші («патша») қызметін атқарып отыр.

WSJ-ге берген сұхбатында Клейтон әкімшілік ІТ индустриясына «жоғарыдан» қатаң талаптар қоюды жоспарлап отырмағынын екенін айтты. Оның орнына бақылау тетіктері мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты диалог арқылы әзірленбек.

Ақпараттан хабардар дереккөздердің мәліметінше, жұмыс тобы өзін-өзі реттеу тұжырымдамасына және тәуекелдерді басқару бойынша негізгі өкілеттіктерді ІТ саласының өзіне беруге басымдық танытады.

Көлемді мемлекеттік реттеуші орган құрудың немесе қатаң лицензиялау жүйесін енгізудің орнына, Ақ үй жасанды интеллект модельдерін бақылау мен тестілеу функцияларын жетекші технологиялық компанияларға, әзірлеушілерге және салалық консорциумдарға беруді жоспарлап отыр.

«Суперинтеллект күштерінің» жарғысында команда «суперинтеллектке» (SI) байланысты қауіптерге ден қою жоспарларын әзірлейтіні және инновациялар мен бәсекелестікке кедергі келтіруі мүмкін «шамадан тыс реттеуге» жол бермейтіні көрсетілген.

«Суперинтеллект күштерінің» жарғысында мемлекеттің қолданыстағы құралдарын тиімді пайдалану қажеттігіне баса мән беріліп, АҚШ-тың көшбасшылығын сақтау басты басымдық ретінде айқындалған.

Джей Клейтонның командасы технологиялық компаниялар мен аса маңызды инфрақұрылым операторлары қазіргі уақытта SI-ға байланысты кибершабуылдар, жүйелік ақаулар мен деректердің таралып кетуі туралы ақпаратты қалай беретінін егжей-тегжейлі зерттейді. Мақсат — бюрократиялық кідірістерді жою және штаттан тыс жағдайлар туралы арнайы қызметтер мен тиісті ведомстволардың жедел хабардар болуын қамтамасыз ету.

Жаңа шектеу енгізетін заңдар қабылдаудың орнына жұмыс тобы инфрақұрылымды қорғау үшін федералдық агенттіктердің қолданыстағы өкілеттіктерін қалай пайдалануға болатыны жөнінде ұсынымдар әзірлейді.

«Бірінші орынды сақтап қалу» идеясы тек бедел мәселесі емес, сонымен қатар қорғаныс сипатында. Топ басшысы Джей Клейтон The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында геосаяси бәсекелестерден артта қалу ұлттық қауіпсіздікке төнетін тәуекелдерді бірнеше есе арттыратынын мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 қыркүйекте елдің жасанды интеллект саласындағы бәсекеде бірінші орынды сақтау үшін арнайы команда құрылатынын және оның басшысы — «жасанды интеллект патшасы» тағайындалатынын жариялады.

30 қыркүйекте Трамп «жасанды интеллект» (AI) терминінің орнына «суперинтеллект» (SI) терминін қолдануды көздейтін жарлыққа қол қойды.