Трамп Диего-Гарсиядағы әскери базаны қолдайтынын, одан бас тартпайтынын растады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні, 5 ақпанда, Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармермен Диего-Гарсия аралына қатысты «өте нәтижелі» келіссөздер жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу.
«Бұл — Үнді мұхитының дәл ортасында стратегиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, АҚШ-тың ірі әскери базасы орныққан аймақ. Сол себепті оның Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызы зор», деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Президент Стармер жасасқан жалға беру келісімін мойындайтынын айтып, оны «мүмкін болатын ең жақсы келісім» деп атады. Алайда ол АҚШ-тың жалға алу келісімі бұзылған жағдайда немесе америкалық операцияларға қауіп төнген кезде әрекет ету құқығын өзінде қалдыратынын атап өтті.
«Егер қажет болған жағдайда, мен Диего-Гарсиядағы американың қатысуын әскери жолмен қамтамасыз ету және күшейту құқығын өзімде қалдырамын», деді ол.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын, бірақ мұндай ойлардан аулақ болуға тырысатынын айтты.