Трамп Федералдық резерв жүйесі басшылығына жеке кеңесшісін ұсынды

Фото: unchainedcrypto.com

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық резерв жүйесінің қазіргі төрағасы Джером Пауэлл өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін ФРЖ басшысы қызметіне өзінің жеке экономикалық кеңесшісі Кевин Уоршты ұсынды. Кандидатураны АҚШ Сенаты бекітуі тиіс, деп жазды DW.

Трамп бұл туралы 30 қаңтарда Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

– Мен Кевинді бұрыннан білемін және оның ФРЖ тарихындағы ең үздік төрағалардың біріне, бәлкім, ең мықтысына айналатынына күмәнім жоқ. Ол барлық жағынан мінсіз және ешқашан алдамайды, – деп жазды АҚШ президенті.

Кевин Уорш 2006-2011 жылдары Федералдық резерв жүйесінің басқарушылар кеңесінің мүшесі болған. Ол 35 жасында тағайындалып, ФРЖ тарихындағы ең жас басқарушы атанған. Бұған дейін Morgan Stanley банкінде жұмыс істеп, маманданған. Сондай-ақ ол Дональд Трампқа экономикалық саясат мәселелері бойынша кеңес берген.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Ақ үй басшысы оны ФРЖ төрағалығының негізгі үміткері ретінде қарастырған.

Айта кетейік, Дональд Трамп қазіргі ФРЖ басшысы Джером Пауэллді негізгі пайыздық мөлшерлемені айтарлықтай төмендетуден бас тартқаны үшін бірнеше рет сынға алған. Қаңтар айында ол Пауэллді ауыр сөздермен балағаттап, қызметінен кетіретінін мәлімдеген. Уорштың өзі де Федералдық резерв жүйесін жиі сынға алып келген.

Джером Пауэллді ФРЖ төрағасы қызметіне Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде тағайындаған. Оның төрағалық өкілеттігі 2026 жылғы мамырда аяқталғанымен, басқарушылар кеңесінің құрамында 2028 жылғы қаңтарға дейін қала береді.

Бұған дейін Джером Пауэлл 11 қаңтарда АҚШ прокурорлары оның Конгресс мүшелеріне берген мәлімдемелеріне қатысты тексеру бастағанын хабарлаған. Оның айтуынша, бұл әрекеттер Дональд Трамптың ақша-несие саясатына байланысты қабылданған шешімдер үшін қысым көрсету науқанының бір бөлігі болуы мүмкін.

Ал Дональд Трамп Әділет министрлігінің ФРЖ-ға қатысты қандай да бір тергеу жүргізіп жатқаны туралы өзіне ештеңе мәлім емес екенін айтты.

Бұл жағдай Сенаттағы екі партия өкілдерінің де қатаң сынына ұшырады. Республикашыл сенатор Том Тиллис Әділет министрлігінің тәуелсіздігі мен оған деген сенімге нұқсан келді деп мәлімдеді. Ол тергеу толық аяқталғанға дейін ФРЖ басшылығына ұсынылатын кез келген кандидатураны, соның ішінде болашақ төрағаны да бекітуге қарсы болатынын айтты.

Айта кетейік, Трамп АҚШ-тың салық қызметін сотқа беріп, 10 миллиард доллар талап етті.