Трамп: ХАМАС келісім берсе, Газа секторында дереу бітім енгізіледі

Фото: Anadolu Ajansi

 АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамптың айтуынша, егер ХАМАС қозғалысы америкалық тарап әзірлеген жоспарға келісімін берсе, Газа секторында атысты тоқтату режимі бірден күшіне енеді.

– Келіссөздер нәтижесінде Израиль біз көрсеткен және ХАМАС жағына жеткізілген бастапқы әскер шегеру сызығымен келісіп отыр. ХАМАС өз келісімін ресми түрде растаған бойда, бітім дереу күшіне енеді. Осыдан кейін тұтқындар мен кепілге алынғандарды алмастыру үдерісі басталып, біз келесі әскер шегеру кезеңіне өтетін жағдай қалыптастырамыз. Бұл үш мың жыл бойы жалғасып келе жатқан апатты аяқтауға бір қадам жақындатады, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Бұған дейін ХАМАС қозғалысы «Дональд Трамп жоспарының» бір тармағына сәйкес Израильге барлық тұтқынды — тірі де, өлі де күйінде беруге келіскенін жазған болатынбыз.