Трамп бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық жүкке 20 пайыздық алым енгізу жоспарынан бас тартқанымен, Иран порттарына теңіз блокадасын қайта енгізетінін жариялаған.
– Келесі апта олар үшін өте ауыр болады. Егер келіссөз үстеліне қайта оралып, мәмілеге келмесе, барлық электр станцияларын істен шығарамыз. Барлық көпірлерін қиратамыз, – деді АҚШ президенті.
Айта кетейік, Трамп сәуір айында да Иранның азаматтық инфрақұрылымына, соның ішінде көпірлер мен электр станцияларына соққы жасау мүмкін екенін мәлімдеген.
Сол кезде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк халықаралық құқыққа сәйкес бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына қасақана шабуыл жасау әскери қылмыс саналатынын ескерткен еді.
1949 жылғы Женева конвенцияларында да бейбіт халықтың өмірі үшін аса маңызды нысандарға соққы жасауға тыйым салынған.
Алайда сейсенбі күні кешке Special Report with Bret Baier бағдарламасына берген сұхбатында Трамп Иранның энергетикалық инфрақұрылымы АҚШ шабуылдарының ықтимал нысандарының бірі болып қала беретінін тағы да айтты.
– Энергетикалық нысандарды ең соңына қалдырамын. Бірақ ақыр соңында оларға да соққы жасаймыз, – деді ол.
Трамптың айтуынша, сейсенбі күні кешке америкалық келіссөз жүргізушілер Иран жағына қатаң ескерту жеткізген.
– Оларға келісімге келген дұрыс. Әйтпесе оларда ештеңе қалмайды, – деді АҚШ президенті.
Айта кетейік, мұның алдында Трамп Иран оған қастандық жасаса, тұтас елді жойып жіберетінін мәлімдеген-ді.
Ал бүгін АҚШ президенті халыққа үндеу жасайды.