Трамп Италия премьер-министрімен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Еуропа үшін тарифтерді төмендетуге қол жеткізу мақсатында Ақ үйге барды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Мелони Вашингтонға Италияның атынан келгенімен, оның сапары көп жағдайда Трамп тарифтерінің әсерін болдырмауға тырысатын жалпы Еуропаның атынан болды.
– Мақсатым – Батысты қайтадан ұлы ету. Менің ойымша, біз мұны бірге жасай аламыз, - деді Джоржа Мелони.
Премьер-министр Трампты Италияға ресми сапармен шақырды. Онда ол еуропалық көшбасшылармен келіссөздер үстелін құра алатынын айтты.
Трамп АҚШ-тың кейбір тарифтері бойынша 90 күндік үзіліс аяқталғанға дейін Еуропалық Одақпен «100 пайыздық сауда келісіміне» қол жеткізілетінін жеткізді.
Осы ретте айта кеткен жөн, Италия АҚШ-пен 45 миллиард долларлық сауда балансына ие.
Италия премьер-министрі қаңтарда Трамптың инаугурациясына шақырылған жалғыз еуропалық көшбасшы болды және АҚШ президенті Мелониді бірнеше рет мақтап, оны «фантастикалық көшбасшы» және «әлемді жақсарту үшін бірге жұмыс істей алатын адам» деп атады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп әкімшілігі Гарвардтан шетелдік студенттерді қабылдау құқығын алып қоюы мүмкін екенін жазған едік.