Трамп Масктың Tesla компаниясына берілген субсидияларды тексеремін деп сес көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп пен миллиардер Илон Маск арасындағы текетірес тағы да ушыға түсті, деп жазады DW.
1 шілде, сейсенбі күні Трамп электромобиль өндіруші Tesla мен Масктың басқа да компанияларына берілген мемлекеттік субсидияларды тексеру керек екенін айтты.
Бұған Масктың президент ұсынған, қазіргі уақытта АҚШ Сенатында тоқтап тұрған жаңа салық-бюджет заңына қарсы тағы бір өткір мәлімдемесі себеп болған.
– Мүмкін, DOGE деп аталатын тиімділік агенттігі Масктың компанияларына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауды мұқиятрақ тексеруі керек шығар. Илон тарихта ең көп субсидия алған адам болуы мүмкін, әрі бұл жағынан басқалардан әлдеқайда алда. Егер бұл қолдау болмағанда, ол бәлкім бүкіл кәсібін жауып, Оңтүстік Африкаға қайтып кетер еді. Ешқандай зымыран, ешқандай спутник, ешқандай электромобиль өндірісі болмас еді, ал еліміз қыруар қаржы үнемдер еді, – деп жазды Трамп өзінің Truth Social платформасында.
Оңтүстік Африкада туған Масктың бизнес империясына Tesla-дан бөлек, ғарыштық SpaceX компаниясы мен спутниктік байланыс жүйесі Starlink те кіреді.
Айта кетейік, Илон Маск АҚШ президенті туралы кейінгі жазбалары үшін көпшілік алдында кешірім сұрағанын жазған едік.