Трамп мигранттарға қатысты ережені күшейтті

Фото: The Hill

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі елге сырттан келгендер мен кейбір гуманитарлық бағдарламаларға қатысушыларға жұмыс істеуге рұқсат беру ережелерін қатайтатын жаңа саясатты бекітті. 

Report агенттігінің мәліметінше, құжаттардың жарамдылық мерзімі бұрынғыдай 5 жыл емес, 18 ай болмақ.

АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметінің (USCIS) комиссары Джозеф Эдлоу бұл шешім өтініш берушілерге бақылауды күшейтетінін айтып түсіндірді. Ол шетелдіктер үшін АҚШ-та жұмыс істеу құқық емес, артықшылық екенін ескеруі керек деп мәлімдеді.

Эдлоу бұл шара 26 қарашада Вашингтонда болған оқиғаға жауап екенін айтты. Онда Ауғанстан тумасы Рахманулла Лаканвал Ақ үй маңында Ұлттық гвардия әскерилеріне оқ жаудырған болатын. Екі адам жараланып, бір күннен кейін 20 жастағы Сара Бекстром қайтыс болды. Қазір оның 24 жастағы әріптесінің жағдайы ауыр.

Айта кетейік, Трамп Далластағы кісі өлтіруден кейін иммиграциялық саясатты күшейтетіні туралы хабарланған еді. АҚШ президенті Техас штатының Даллас қаласында Чандра Мули Нагамаллайяның өлтірілуін «сұмдық» қылмыс және иммиграциялық қателіктердің салдары деп атаған болатын.