Трамп Нью-Йорктегі саябақта ат арбаларға тыйым салуға қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йорк билігінің Орталық саябақта ат арбалардың жүруіне тыйым салу туралы шешімін сынға алды. Оның айтуынша, ғасырдан астам тарихы бар бұл дәстүрдің тоқтауы қала тарихының бір бөлігін жоғалтумен тең. Бұл туралы АҚШ президенті Truth Social желісіндегі жазбасында жариялады.

Фото: Anadolu

Трамп өз жазбасында Орталық саябақта жүз жылдан астам уақыт бойы туристерді серуендетуге пайдаланылып келген жылқыға жегілген арбалардың қызметі тоқтайтынына өкініш білдірді.

— Орталық саябақтағы ғасырдан астам тарихы бар, көпшілік жақсы көретін ат жегілген арбалар дәстүрінің аяқталып келе жатқаны өкінішті. Бұған көбіне бір қайғылы оқиға себеп болды. Бұл маңда көлік апаттары жиі болады, бірақ сол үшін көліктердің саябаққа кіруіне тыйым салынбайды. Ендеше, арбаларға неге тыйым салынады? Бұл тамаша дәстүр еді. Қала тарихының тағы бір бөлігі өткеннің еншісінде қалғалы тұр. Біз оны сағынатын боламыз, — деп жазды АҚШ президенті.

22 қазанда Нью-Йорк қалалық кеңесі ат арбаларға тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Құжатқа сәйкес, 2028 жылғы 1 маусымнан бастап қалада коммерциялық мақсатта ат арбаларды пайдалануға тыйым салынады. Заң жобасын Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани мен қалалық кеңес төрайымы Джули Менин қолдап отыр.

Бастама Орталық саябақта болған қайғылы оқиғадан кейін «Романч заңы» деп аталды. 2026 жылы маусым айында 18 жастағы турист Романч Махаджан ат арбадан құлап, қаза тапқан.

Тыйымды қолдаушылар жануарларды қорғау және саябаққа келушілердің қауіпсіздігін арттыру қажеттігін алға тартады. Ал осы сала өкілдері жұмыс орындарының қысқаруы және Нью-Йорктегі ежелгі туристік дәстүрлердің бірінің жойылуы мүмкін екенін ескертеді.

Заң жобасында осы салада еңбек ететін адамдарды қолдау бағдарламасын әзірлеу қарастырылған. Оның аясында жұмысқа орналасуға көмектесу және қайта даярлау шаралары жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ арбаларды пайдалануға тыйым салынғаннан кейін қала билігі жылқыларға ізгілік қағидаттарына сай күтім жасалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Қалалық кеңес мақұлдағаннан кейін құжатты түпкілікті рәсімдеуденн өткізу қажет.

Бұған дейін Италияда туристерге арналған ат арбаларға тыйым салынуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.