Ақ үй басшысы АҚШ пен Канада шекарасындағы көлдің атауын өзгерту үшін «барлық қажетті құжаттар мен басқа да материалдарды тапсырғанын» айтты.
Трамп Онтарио көлінің атауын «Америка көлі» деп өзгертті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Онтарио көлінің атауын «Америка көлі» деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Шешім Канадамен сауда соғысы күшейген тұста қабылданып отыр. Бұл туралы Вашингтондағы Kazinform тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Канаданың премьер-министрі Марк Карни Трамптың шешімінен кейін көп ұзамай X-тегі жазбасында бұл атау Канада мен АҚШ мемлекеті құрылмай тұрып пайда болғанын атап өтті.
— Онтарио көлінің атауы вендат тіліндегі «Ontari’io» сөзінен шыққан. Ол «әдемі көл, үлкен көл» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау 400 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған, яғни ол Канаданың конфедерациясы құрылып, АҚШ тәуелсіздігін жариялағанға дейін қалыптасқан, — деді Марк Карни.
Өткен жылы Трамп Мексика шығанағының атауын «Америка шығанағы» деп өзгерткен еді. АҚШ Ішкі істер министрлігі, Google және Apple бұл директиваны орындады, алайда әлемнің басқа елдері бұл атауды қабылдаған жоқ.
Бұған дейін АҚШ пен Канада арасындағы сауда соғысы туралы хабарланған болатын. Атап айтқанда, Канада АҚШ экономикасына қалай қарсы соққы бере алатынын мәлімдеген еді.
Ал Трамп болса, Канададан әкелінетін көлікке 50 пайыздық баж салығын енгізбек.
Сондай-ақ АҚШ пен Канада сауда келісіміне келе алмағаны жайлы да жазған едік.
Ақзат Жиеналина