Трамп сайлаудағы бұрмалаушылықты әшкерелегендерге 1 млн доллар ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп өткен немесе алдағы аралық сайлаудағы бұрмалаушылықтар туралы ақпарат берген адамға 1 млн доллар төлеуге уәде берді, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: Report

— Өткен сайлауда немесе 2026 жылғы алдағы аралық сайлауда дауыстарды бұрмалау фактілері туралы хабарлаған әр адамға мұндай әрекеттерге қатысы бар адамдар қамауға алынып, сотталғаннан кейін 1 млн доллар төленеді, — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Алайда ол мұндай ақпаратты қайда және қалай жіберу керегін, сондай-ақ сыйақы қай қаражат есебінен төленетінін нақтыламады.

Трамп пен Республикалық партияның өзге де өкілдері 2020 жылғы президент сайлауында заңбұзушылықтар болғанын бірнеше рет мәлімдеген еді. Сол сайлауда Демократиялық партияның өкілі Джо Байден жеңіске жеткен. Республикашылдар, атап айтқанда, пошта арқылы берілген бюллетеньдер мен дауыстарды санау машиналарының қолданылуына күмән келтіріп, дауыс беру қорытындысын мойындамаған.

Республикашылдар сайлау нәтижесі бойынша сотқа бірнеше рет шағымданғанымен, дауыс беру қорытындысын жою әрекеттері іске аспады. Сайлау нәтижесіне әсер ете алатындай ауқымды бұрмалаушылықтар болғанын растайтын сенімді дәлелдер ұсынылмады.

Соңғы жылдары республикашылдар басқаратын бірқатар штатта дауыс беру тәртібіне бақылауды күшейту жөнінде бастамалар көтерілді. Демократтар бұл шаралардың кейбірін сынап, олар азаматтардың сайлауға қатысуын қиындатуы мүмкін екенін мәлімдеді.

АҚШ-та аралық сайлау 2026 жылғы 3 қарашада өтеді. Сайлаушылар Өкілдер палатасының барлық мүшесін және Сенат құрамының шамамен үштен бірін таңдайды. Сонымен қатар бірқатар штатта губернатор сайлауы өтеді. Қазір Конгрестің қос палатасында да республикашылдар басымдыққа ие.

Айта кетейік, Дональд Трамп 24 қазанда Флорида штатында Конгреске аралық сайлауда мерзімінен бұрын дауыс бергенін мәлімдеді.