Трамп тағы да бірнеше министрдің кандидатурасын ұсынды

АСТАНА.KAZINFORM - Жаңадан сайланған АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Сауда министрлігінің басшысы етіп Cantor Fitzgerald компаниясының бас директоры Говард Лютникті таңдағанын мәлімдеді, деп жазады ABC News.

Фото: x.com/ howardlutnick

Миллиардер бизнесмен Говард Лютник Трамптың өтпелі кезеңдегі командасының тең төрағасы қызметін атқарды. Ол өткен президенттік сайлау науқанында Дональд Трампқа жиі қосылып, Джон Полсон, Дюк Бьюкен және Вуди Джонсон сияқты кейбір ірі республикалық донорлармен бірге көптеген қаражат жинау шараларын өткізді.

Сондай-ақ, Трамп Линда МакМахонды Білім министрі етіп таңдағанын хабарлады. Линда МакМахон - Трамптың ауыспалы командасы жетекшілерінің бірі. Ол Сауда министрлігіне лайық деп саналды. МакМахон бұған дейін Трамптың бірінші мерзімінде шағын бизнес әкімшілігін басқарған.

Фото: Win McNamee/Getty

Сарапшылардың пікірінше, Линда МакМахонның білім беру саласындағы тәжірибесі аз. Оның бұл саладағы ең үлкен тәжірибесі Коннектикутта болды, ол 2009 жылы зейнетке шығып, Сенатқа үміткер болғанға дейін штаттың Білім кеңесінде бір жыл жұмыс істеген.

Айта кетейік бұл тағайындаулар Сенаттың мақұлдауын талап етеді.

Бұған дейін Трамп өзінің болашақ әкімшілігіне алғашқы тағайындауларды жариялаған болатын. Содан кейін ол Пентагон мен ЦРУ басшыларын атады және Маскқа үкіметтің тиімділік департаментін басқаруды ұсынды.

Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы лауазымына кіші Кеннедидің кандидатурасын ұсынды, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлттық барлау басқармасының басшыларын және Ақүйдің жаңа баспасөз хатшысын тағайындады.

Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың энергетика министрі лауазымына Liberty Energy мұнай компаниясының басшысын  таңдады.