Трамп Украинаға америкалық қару жеткізілетінін мәлімдеді

Фото: ABC News

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО мен АҚШ Украинаға қару жеткізу туралы келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді, деп жазды Kazinform агенттінің меншікті тілшісі. 

Ақпарат ABC News сайтында жарық көрген дерекке негізделген.

АҚШ президенті бұл мәлімдемені Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу барысында жасады. Трамптың айтуынша, «миллиардтаған доллар» тұратын қару-жарақ АҚШ-тың қорғаныс өнеркәсібінде өндіріліп, еуропалық мемлекеттердің қаражаты есебінен қаржыландырылмақ.

— Бүгін біз келісімге келдік: біз оларға қару береміз, ал олар ақысын төлейді. АҚШ бұл үшін ешқандай төлем алмайды. Біз бұл қаруды сатып алмаймыз, бірақ өзіміз шығарамыз, ал ақысын олар төлейді, — деді Ақ үй басшысы.

Өз кезегінде НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бұл келісімді «нағыз ауқымды мәміле» деп атап, «еуропалықтар белсенділік танытып отыр» деді.

— Бұл Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелерін, зымырандар мен оқ-дәрілерді қамтитын үлкен көлемдегі әскери техника алуға мүмкіндік береді, — деді Рютте.

Сондай-ақ, ол бұл келісімге қосылуға ниетті «бірқатар елдермен байланыста» екенін айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, Трамп НАТО бас хатшысымен кездесуде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу бойынша 50 күн ішінде келісім жасалмаса, Ресейге қарсы санкция енгізетінін ескерткен болатын.