Трамптың иммиграция мәселесі бойынша рейтингі төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен айда федералды иммиграция агенттері америкалық екі азаматты атып өлтіргеннен кейін президент Дональд Трамптың иммиграциялық саясатына қолдау күрт төмендеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
NBC News арнасының SurveyMonkey платформасындағы жаңа сауалнамасына сәйкес, иммиграция және шекара қауіпсіздігі ұзақ уақыт бойы — 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде де, екінші мерзімінің бірінші жылында да Трамптың күшті жақтары болып саналды. Енді оның бұл мәселелер бойынша рейтингі жалпы мақұлдау деңгейіне дейін төмендеді.
Трамптың шекараларды күзетумен иммиграция мәселелеріне қатысты әрекеттеріне қатты қарсы респонденттердің үлесі өткен жазда 38%-дан 49%-ға дейін өсті. Тәуелсіз сайлаушылар арасында бұл көрсеткіш тамыз айынан бері 15%-ға өсті.
Осы арада АҚШ президентінің жалпы рейтингі де аздап төмендеген. Респонденттерден Дональд Трамптың өз міндеттерін орындауын мақұлдай ма деген сұраққа 39%-ы мақұлдайтынын айтса, 61%-ы теріс жауап берген. 2025 жылдың сәуірінде бұл көрсеткіштер сәйкесінше 44% және 55% болды.
Сұралғандардың 63%-ы федералды үкімет штаттар мен жергілікті басқару органдарының өкілеттіктерін елеместен тым шектен шығып кетті деп санайды. Осы арада 37%-ы штаттар мен жергілікті басқару органдары федералды үкіметті елемеу арқылы өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып жатыр деп ойлап отыр.
2025 жылдың қыркүйегінде АҚШ президенті Дональд Трамптың жалпы рейтингі 43 пайызды құрап отырғанын жазған болатынбыз.
Ал 2025 жылғы қараша айында АҚШ президенті Дональд Трамптың танымалдығы 2025 жылғы 20 қаңтардағы инаугурациясынан бергі ең төмен көрсеткішке түскенін жаздық.