Трамптың Иранға қатысты саясаты республикашылдар арасында сынға ұшырай бастады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тағы Республикашылдар партиясында Дональд Трамптың Иранға қатысты саясатына наразылық күшейіп келеді. Бұл туралы Politico басылымының Ақ үйдегі бюросының жетекшісі Даша Бернстің BILD -ке жарияланған мақаласында жазылған.

Фото: BILD

Оның айтуынша, Трамптың серіктестері бастапқыда президентке уақыт беруге дайын болған, алайда олар қақтығыстың қысқа мерзімде аяқталуын күткен.

Соңғы уақытта бұл алаңдаушылық ашық сипат ала бастады. Осы аптада АҚШ Өкілдер палатасы Иранға қарсы әскери іс-қимылдарды шектеуге бағытталған әскери өкілеттіктер жөніндегі қарарды қабылдады.

– Құжаттың практикалық салдары айтарлықтай болмаса да, оның саяси маңызы зор. Төрт республикашыл конгрессмен демократтармен бірге дауыс берді. Әдетте Трампты бірауыздан қолдайтын партия үшін бұл сирек кездесетін ашық келіспеушілік, – деп жазады Даша Бернс.

Politico мәліметінше, республикашылдарды, әсіресе Конгреске өтетін алдағы сайлау алдындағы саяси тәуекелдер алаңдатып отыр. Атап айтқанда, мұнай мен жанармай бағасының өсуі қарапайым америкалықтардың тұрмысына әсер етіп, партияның рейтингін төмендетуі мүмкін.

– Республикашыл саясаткерлерді Таяу Шығыстағы қақтығыстың ұзаққа созылуы мен оның экономикалық салдары көбірек алаңдатады. Бағаның өсуі сайлаушылардың көңіл-күйіне тікелей әсер етуі ықтимал, – делінген мақалада.

Бернстің пікірінше, Дональд Трамп әлі де Тегеранмен келісімге келуді көздейді және ауқымды соғысқа мүдделі емес.

Алайда Таяу Шығыстағы шабуылдар жалғасқан сайын Ақ үйге түсетін қысым да күшейіп келеді.

– Қазір негізгі мәселе Трамптың келісімге қол жеткізгісі келе ме деген сұрақ емес. Негізгі сұрақ – егер ол келісімге қол жеткізе алмаса, қандай қадамға барады, – деп түйіндейді Даша Бернс.

Айта кетейік, Иран Трамптың қоқан-лоқысына қарамастан АҚШ-пен келіссөзді жалғастыратынын мәлімдеді.