Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде – СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі уақытта біздің азаматтарымыз Транскаспий халықаралық көлік бағыты туралы жиі естіп жүргені белгілі. Оны дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың мамыр айында Алматыдағы Орталық Азия - Еуропалық одақ екінші экономикалық форумы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Транскаспий халықаралық көлік бағытын бағалау бойынша зерттеу қорытындыларының тұсаукесері күтілуде. Содан кейін Еуропалық одақпен және басқа да мүдделі серіктестермен бірлескен жобаларды дереу іске асырамыз деп үміттенеміз», - деп атап өтті Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Брифинг барысында Роман Василенко аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты көптеген еуропалық компаниялар біздің елге келуге ниет білдіріп жатқанын айтты.

Сонымен бірге министрдің орынбасары былтыр Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара тауар айналымы 27,6%-ға өсіп, 40 млрд долларға жеткенін атап өтті.