Трансплантация - тек медицина мәселесі емес, қоғамның ортақ проблемасы – Юрий Пя
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде орта есеппен алғанда 1 миллион адамға кемінде 10 трансплантация қажет. Ағза трансплантациясы туралы толығырақ «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағас, медицина ғылымының докторы Юрий Пя айтып берді.
- Біз бұл бағдарламаны 2012 жылы енгіздік, биыл 13 жыл болды. Ал жалпы қажеттілікті алып қарасақ, Қазақстанда шамамен 20 миллион халық болса, орташа есеппен алғанда 1 миллион адамға кемінде 10 трансплантация қажет. Әрине, 13 жыл ішінде жасалған операциялар саны аз, бірақ әр санның артында адамның өмірі тұр. Жүрек трансплантациясының жүзінші отасы жасалды, жүзінші адам өмір сүруге мүмкіндік алды. Бұл біз үшін символдық сан, өйткені біз жаңа жүйе жасап шығардық. Бұл – отандық әзірлеме, оның көмегімен Қазақстанның кез келген өңірінен басқа аймағына донорлық ағзаны жеткізуге болады. Біз бұл инновацияны мақтан тұтамыз, - деді Юрий Пя «Қазақстандағы 100-ші жүрек трансплантациясы» форумы барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат бере тұрып.
Оның айтуынша, елімізде 13 жылдың ішінде ағзаны трансплантациялау түсінігі өзгерді.
- Трансплантация тек медицина қызметкерлерінің мәселесі емес, бүкіл қоғамның ортақ проблемасы. Яғни, бұл тек медициналық немесе хирургиялық операция ғана емес, сонымен қатар оған санитарлық авиация, полиция (көлік құралдарын алып жүру), тағы сол сияқты қызметтер қатысады. Бір ғана жүрек трансплантациясы процедурасына кем дегенде 5 түрлі министрлік пен 100-ден астам маман жұмылдырылады. Әрине 100 ота көп емес, бірақ бұл осы саладағы проблеманы түсіну тұрғысынан маңызды көрсеткіш, осы бағыттың дамуына қажетті серпіліс, - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін елордада «Қазақстандағы 100-ші жүрек трансплантациясы» форумы өтті. Аталған іс-шара елімізде жүзінші рет жүрек ауыстыру отасына орай ұйымдастырылды, оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бастаған сала мамандары мен өңірлік ведомстволардың өкілдері қатысты.
Форум соңында ағза трансплантациясы саласына еңбегі сіңген және ерекше көзге түскен жандар марапатталды.
Айта кетсек, елімізде трансплантация жасалатын орган арнайы құрылғыда сақталмақшы.