ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, трансплантация – әлемдегі ең күрделі операциялардың бірі.
– Ота жасалмай тұрып көптеген зерттеу жүргізіледі. Олардың басты мақсаты – асқынулардың алдын алып, трансплантацияланған ағзаның қызметін тоқтату қаупін барынша азайту. Егер дәрігерлер клиникалық хаттаманы сақтамай, операцияны белгіленген талаптарға сай жүргізбесе, олар заң аясында жауапқа тартылады, – деді ол.
Өз кезегінде Ұлттық ғылыми онкология орталығының Ағзаларды транспланттау секторының жетекшісі Мэлс Асықбаев трансплантацияның сәтсіз аяқталуы өте сирек кездесетінін айтты.
Оның сөзінше, трансплантация алдында ағза алмастыруды қажет ететін пациентке де, туыстық трансплантация кезінде донорға да операцияның хирургиялық және иммунологиялық ерекшеліктері, сондай-ақ отадан кейін туындауы мүмкін асқынулар толық түсіндіріледі.
– Отаның сәтсіз өтуі өте сирек кездеседі. Егер отадан кейін донор ағза қызметін тоқтатса, оны алып тастау трансплантация жасалатын мамандандырылған орталықтарда жүргізіледі, – деді трансплантолог дәрігер.
Жалпы Қазақстанда заманауи трансплантация қызметі іске қосылғаннан бері 3 270 ағза трансплантациясы жасалды. Оның 2 726-сы немесе 82%-ы тірі донорлардың қатысуымен, ал 544-і немесе 18%-ы қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы орындалған.
Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.