Травматикалық қаруға қатысты өткеннен сабақ алу керек - Рүстем Қайдаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Генералдар кеңесі» РҚБ төралқасының төрағасы Рүстем Қайдаров қоғамда полицейлерді сынау үрдісі мен травматикалық қару алып жүруге рұқсат беру ұсынысына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пайымынша, полиция өз міндетін атқарады, басқа қызмет түрлері секілді бұл жұмыстың да жетістігі және кемшін тұстары бар. Ішкі істер органдары қызметкерлері жұмысының нәтижелі жетістіктері баршылық, бірақ кез келген кемшілікті әлеуметтік желілерде талқыланған кезде, бұл өз кезегінде полиция қызметінің қылмысты ашу мен тойтарудағы бүкіл жасаған жұмысын жоққа шығарғандай болады.

Осы орайда ол бүгінде полицияны сын садағына іліктіру қазақстандық қоғамда соншалықты бір сәнге айналғандығына тоқтала келе, бұл тұрғыда көп жағдайда полицияға қатысты негізсіз пікірлер өріс алғандығына қынжылатынын жеткізді.

«Тіпті тәртіп сақшылары өзінің өмірін қауіп-қатерге тігіп, сын сағатта ел азаматтарын өз денесімен жауып немесе қылмыскермен күші тең емес шайқаста қаза тауып,  ерлік жасаған  болса да, ол полицейдің ниетінің дұрыстығына, тазалығына және батылдығына күмән келтіретіндер табылады. Азаматтар еш дәлелсіз барлық полицияға, тіпті, өзінің міндетін орындау үстінде қайтыс болған адамдарға да  күйе жаққаны кәдімгідей ауыр тиеді. Менің не айтқым келеді? Бәріне бірдей баға беруге болмайды. Ішкі істер органдарының басым көпшілігін құрайтын  адал полицейлер өз міндеттеріне жауапсыз қарайтын әріптестері үшін жапа шекпеуі тиіс», - деп ойын жеткізді Р. Қайдаров.

Бұдан бөлек ол травматикалық қаруды ұстауға рұқсат беруге қатысты талаптарға қатысты өзінің пікірін білдірді.

«Мына жағдайды ескерген жөн, яғни қаруды еркін ұстау - қылмыс деңгейінің төмендеуіне әкелеріне ешқандай кепілдік жоқ. Керісінше, травматпен қарулануды ең бірінші кезекте қарақшылықты, ұрлық пен тонауды  кәсіп қылғандар алуы мүмкін. Екіншіден, кез келген қаруды өзін-өзі қорғау мақсатындағы құрал ретінде тек арнайы дайындығы бар адамдар ғана қолдана алады. Үшіншіден, травматикалық қарудың қатысымен айтарлықтай көп қылмыс жасалған өткен жылдардағы оқиғалардан да сабақ алуымыз керек. Мысалы, 2013 жылы ІІМ-де тек қана травматикалық қару қолдануға қатысты 3,5 мың қылмыс тіркелген», - деді РҚБ төралқасының төрағасы.

 Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңдағы ҚР ІІМ жүйесінде оң өзгерістер баршылық. Аса ауыр қылмыстарға қатысты айтатын болсақ, соңғы 5 жылда қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі ғана емес, осы тектес қылмыстардың ашылуы да көбейіп келе жатқаны байқалады.

«Сондықтан да әр адам полицияны кінәламас бұрын, өзінен бастауы керек деп есептеймін. Өйткені, адамды мектепте сабаққа дұрыс қатыспауға ешкім мәжбүрлемейді,сондай-ақ бала тәрбиесімен айналыспауға, жұмыссыз отыруға, ұрлықты кәсіп етуге ешкім де біреуді мәжбүрлеп көндірмейді. Бұл жерде азаматтардың өздеріне қойылатын сауал бар, олар неліктен ұрланған телефондар мен қосалқы бөлшектерді сатып алады? Қазіргі таңда біздің азаматтардың жеке тұлға ретінде қалыптасып әрі дамуына және жұмысқа тұруына барлық жағдай жасалған. Жастар үшін біздің республикамыздың жоғары оқу орындарында  гранттар көп бөлінеді, жұмыс іздеушілерге еңбек биржасы мен тегін курстар қарастырылған», - деді Рүстем Қайдаров.