«Трэш-стриминг» ұғымы заңға енгізіле ме – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Құрылтай депутаттарының «трэш-стриминг» ұғымын заңнамаға енгізуге қатысты сауалына жауап берді.

Фото: Kazinform/ЖИ

— «Трэш-стриминг» ұғымын Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізуді орынсыз деп санаймыз. Қолданыстағы заңнамада, атап айтқанда, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «онлайн-платформадағы контент» ұғымы анықталған. Ол аудиовизуалды нысандағы ақпаратты қамтиды және құқыққа қайшы жарияланымдарды (қатыгездікті, зорлық-зомбылықты, порнографияны және т. б. насихаттау) таратуға тыйым салады, — деді ол.

Оның айтуынша, «трэш-стриминг» термині бағалау сипатына ие және нақты заңдық мазмұны жоқ.

— Бұл құқықты қолданудың біржақты болуына әкеп соғуы мүмкін. Нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік заңнамада қарастырылған. Адам Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 274-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін, — деп ескертеді Ержан Сәденов.

Министрдің жауабына қосымша берілген ақпаратқа қарағанда, осы жылдың 9 айында ҚК 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс қозғалды.

Оның ішінде 21 іс сотқа жолданды, ҚК 274-бабы бойынша 64 қылмыстық іс тіркеліп, 9-ы сотқа жолданды. Ал ӘҚБтК 456-2-бабы бойынша 124 адам жауапқа тартылды. 

Айта кетелік Ержан Сәденов онлайн-ортада суреттік бейнесін заңсыз пайдаланғаны және балағаттағаны үшін азаматтардың шағым беру тәртібін жетілдіру қажет екенін айтқан еді.