ЦАХАЛ: Иранның зымыран шабуылынан 21 адам зардап шекті
АСТАНА. KAZINFORM — ЦАХАЛ-дың (Израиль Қарулы күштері) бағалауынша, Иран екі толқынды шабуыл барысында Израильге 100-ге жуық зымыран атқан, деп хабарлайды ВВС.
Медициналық қызметтердің мәліметінше, снарядтар тоғыз жерде жарылып, 21 адам жарақат алған.
— Бірқатар ғимарат зақымданды, олардың кейбіріне әуе шабуылына қарсы жүйенің әрекетінен қалған жарықшақтар тиген, — деп жазды X желісінде ЦАХАЛ-дың араб тіліндегі баспасөз хатшысы Авихай Адраи.
The Times of Israel таратқан ақпаратқа сәйкес, тұрғындарға бомба паналарынан шығуға рұқсат берілді, бірақ оларға солардың маңында болуға кеңес берілді.
«Маген Давид Адом» медициналық қызметі хабарлағандай, шабуыл салдарынан 21 адам зардап шеккен. Зымырандардың бірі Тель-Авивтегі биік мұнаралы ғимаратқа түсіп, зақым келтірген. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) шабуылдың нысанасы әскери орталықтар мен әуе базалары болғанын мәлімдеді.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац: «Иран бейбіт тұрғындарға арналған аумақтарды зымыранмен атқылауға батылы жеткенде, барлық «қызыл сызықтан» өткенін айтты». Axios агенттігіне сілтеме жасаған Израиль шенеунігінің айтуынша, Иранның баллистикалық зымырандарын тойтаруға АҚШ көмектескен.
Иран шабуыл жасамай тұрып, бірнеше минут бұрын Франция президенті Эмманюэль Макрон мәлімдеме жасаған еді.
— Егер Иранның жауап әрекеті аясында Израиль шабуылға ұшыраса, Франция өзінің ықпалын ескере отырып, оны қорғау мен қорғаныс операцияларына қатысуға дайын — егер мұндай мүмкіндік болса, — деп мәлімдеді Макрон.
Сонымен қатар ол Францияның ЦАХАЛ-дың қандай да бір шабуыл операцияларына қатысу мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Еске салайық, жұмаға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасады. Бұл шабуылдың салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) бірқатар жоғары лауазымды командирлері мен ядролық физика саласындағы ғалымдар қаза тапты. Иран сондай-ақ Натанз қаласындағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, бірақ радиацияның таралу фактісін жоққа шығарды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Израильдің Иранға қарсы жасаған соққыларын «біржақты әрекет» деп атап, оған Ақ үйдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін мұнай бағасы күрт көтерілді.
Бұған дейін Иран Израильге зымыран атып, елде әуе дабылы жарияланғанын жазғанбыз.