Цифрлық ғасыр – байланыс көп, бірақ жалғыздық та артты

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Әлеуметтік байланыстар жөніндегі комиссиясы жариялаған жаһандық есепте жалғыздық қоғамдық денсаулыққа төнетін елеулі қауіп ретінде танылды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, әлемде әр сағат сайын жалғыздықпен байланысты себептерден шамамен 100 адам көз жұмады. Бұл жылына 871 мыңнан астам адам деген сөз.

Жалғыздық кез келген жастағы адамға әсер етуі мүмкін, дегенмен ең осал топ – жасөспірімдер, жастар және табысы төмен немесе орташа елдердің тұрғындары. Деректерге сәйкес, 13 пен 29 жас аралығындағы жастардың 17–21%-ы жалғыздықты үнемі сезінеді. Бұл мәселе әсіресе жасөспірімдер арасында өте өзекті. Табысы төмен елдерде жалғыздық деңгейі 24%-ға жетсе, бұл табысы жоғары елдердегіден екі есе көп (шамамен 11%).

— Бүгінгі заманда шексіз байланыс мүмкіндіктеріне қарамастан, оқшаулану мен жалғыздыққа ұшырайтын адамдар көбейіп барады. Жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану адамға, отбасына және тұтас қоғамға зиян келтіретін құбылыстар. Егер біз еш әрекет жасамасақ, бұл жағдай денсаулық сақтау, білім беру және еңбекпен қамту салаларындағы шығындарды арттыра отырып, қоғамға миллиардтаған шығын келтіре береді, — деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Зерттеу авторларының айтуынша, әлеуметтік байланыс адам өмірінің барлық кезеңінде денсаулыққа оң әсер етеді. Олар ағзадағы қабыну процестерін азайтып, ауыр сырқаттар қаупін төмендетеді, психикалық саулықты қолдап, мерзімінен бұрын өлімнің алдын алады.

Ал жалғыздық инсульт, жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет, когнитивтік бұзылыстар мен мерзімінен бұрын өлім қаупін арттырады. Сондай-ақ олар адамның психоэмоционалдық жай-күйін нашарлатып, депрессияға шалдығу мүмкіндігін екі есеге арттырады. Бұл жағдайлар мазасыздық бұзылыстарының, өзіне зиян келтірудің және суицидтік ойлардың пайда болуына да ықпал етуі мүмкін.

Айта кетелік ДДҰ климат пен денсаулыққа қатысты жаңа комиссия құрған еді