Цифрлық мемлекет құруда деректердің рөлі қандай – сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық мемлекет қалыптастыруда мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен қатар, мемлекеттік деректердің қолжетімділігі мен қызмет көрсету үдерісін өлшейтін нақты көрсеткіштер жүйесін дамыту маңызды. Бұл туралы халықаралық сарапшы Ричард Керби AI and Digital Bridge форумында айтты.

Фото: Әсем Исабекова

Сарапшының пікірінше, цифрландырудың келесі кезеңі электрондық қызметтерді ұсынумен ғана шектелмей, азаматтың мемлекетпен өзара іс-қимылының барлық кезеңін қамтуы тиіс.

– GovTech-тің келесі деңгейіне өткен кезде әңгіме жай ғана онлайн қызметтер туралы емес, цифрлық мемлекет туралы болады. Негізгі мақсат – азаматқа бүкіл жолы бойынша ең тиімді қызмет көрсету, – деді Ричард Керби.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жинайтын деректердің басым бөлігі азаматтар мен бизнеске қолжетімді болуы қажет. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздікке және жеке медициналық ақпаратқа қатысты деректер ерекше қорғалуы тиіс.

– Мемлекет сапалы деректер қорын қалыптастырған кезде үлкен мүмкіндік пайда болады. Қазір көптеген жас кәсіпкерлер технологиялық компания құруға ұмтылып жүр. Алайда олардың әрі қарай дамуына қажетті деректер болмаған жағдайда бұл үлкен кедергіге айналуы мүмкін, – деді сарапшы.

Ричард Керби мемлекеттік цифрландыру жобаларында көрсеткіштер жүйесінің де маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, енгізілген жүйенің қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұрғанын бағалау және қажет болған жағдайда қосымша қолдау көрсету үшін нақты өлшемдер болуы керек.

– Жүйені құрып қана қоймай, оның жұмыс істеп тұрғанын немесе істемейтінін өлшеу қажет. Сондай-ақ қандай деңгейде қосымша қолдау керегін анықтау маңызды, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанның цифрландыру бағытындағы жұмыстарын да атап өтті.

Оның айтуынша, ел бұл бағытқа соңғы он жылға жуық уақыт бойы басымдық беріп келеді және осы кезеңдегі прогресті бақылау маңызды.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметтерді жеке-жеке емес, азаматтың толық өмірлік жағдайы тұрғысынан бағалау қажет екенін айтты.

– Мысалы, белгілі бір өмірлік жағдай кезінде азаматқа бес электронды қызмет қажет болса, көптеген елдер осы қызметтердің әрқайсысын бөлек бағалайды. Бірақ бұл азаматтың бүкіл жолын көрсетпейді. Қызметтердің өзара байланысын және толық процесті бағалау керек, – деді Ричард Керби.

Халықаралық сарапшы деректердің жай ғана жариялануы жеткіліксіз екенін, олардың жасанды интеллект жүйелері қолдана алатындай құрылымда болуы қажет екенін атап өтті.

– Дерек маңызды. Бірақ ол AI-ready, яғни жасанды интеллект қолдануына дайын дерек болуы тиіс. Деректерді жай ғана сайтқа жүктеп қою жеткіліксіз, – деп түйіндеді спикер.

Айита кетейік,Қазақстан AI-экономиканың барлық бес деңгейін дамытуды көздейтінін жазғанбыз.