Цифрлық объектілердің иелеріне жыл сайын киберқауіпсіздік аудитін жүргізу талабы енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда цифрлық объектілердің меншік иелері цифрлық жүйелеріне жыл сайын киберқауіпсіздік аудитін жүргізуге міндеттеледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлім етті.

Фото: Pixabay

Оның айтуынша, жаңа талап цифрлық инфрақұрылымның ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғалу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

— Цифрлық объектілердің меншік иелері цифрлық жүйелеріне жыл сайын киберқауіпсіздік аудитін жүргізуге міндетті. Сонымен қатар аса маңызды цифрлық объектілер киберқауіпсіздік аудитінің қорытындысы туралы есепті жыл сайын Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне ұсынуға тиіс. Бұған дейін мұндай талап болған жоқ, — деді вице-министр.

Президент Жарлығын іске асыру аясында аса маңызды цифрлық объектілерге мемлекеттік бақылау жүргізу функциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді.

Бұл өзгерістер стратегиялық маңызы бар цифрлық инфрақұрылымның орнықтылығы мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Вице-министрдің айтуынша, мұндай тәсіл әлемнің көптеген елінде қолданылады.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын жаңартып, цифрлық инфрақұрылымды қорғау талаптарын күшейткен болатын.