Цифрлық таңбалау кәсіпкерлерді салық есептілігінен босатуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Әр тауарға жеке цифрлық код беру болашақта салықты автоматты есептеуге және кәсіпкерлердің бухгалтерлік есептілікті өз бетінше толтыру қажеттілігін азайтпақ. Бұл туралы Астанада өткен Digital Tañba форумында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, тауарларды цифрлық таңбалауды әр азаматқа жеке сәйкестендіру нөмірін берумен салыстыруға болады.

– Әр адамның ЖСН-і бар. Ол не үшін керек? Барлық байланысты жеңілдету, яғни әр адамның сәйкестендіру нөмірі болуы үшін. Бұл жүйе 2000 жылдардың басында қабылданып, электронды үкіметтің негізіне айналды. Цифрлық таңбалауда да осы қағида қолданылады. Әр тауардың, әрбір жеке өнімнің өз сәйкестендіру нөмірі болады, – деді Бағдат Мусин.

Ол мұнда тұтас өнім партиясын емес, әрбір тауарды жеке кодпен белгілеу туралы сөз болып отырғанын атап өтті. Бұл талап Қазақстанда өндірілген өнімге де, шетелден әкелінген тауарға да қатысты.

Мұндай жүйе өнімнің өндірілген немесе шекарадан өткен сәтінен бастап дүкенге жетіп, тұтынушыға сатылғанға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді. Бағдат Мусиннің айтуынша, осылайша мемлекет тауар қозғалысы мен оның сатылу кезеңдеріндегі қаржылық операцияларды бақылай алады.

«Қазақтелеком» басшысы цифрлық бақылау жүйесі алдағы уақытта салықтық әкімшілендіру тәсілін де өзгертуі мүмкін екенін айтты. Егер тауарлар, қызметтер мен жұмыстарға қатысты барлық операция цифрлық форматқа көшсе, салық органдары бизнеске түсетін міндетті төлемдерді, соның ішінде қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығын автоматты түрде есептей алады.

Ол мұны ұялы байланыс операторларының жұмысымен түсіндірді. Абонент әр сөйлескен қоңырауының ұзақтығын өзі есептеп, ай соңында есеп толтырмайды. Барлық операция биллинг жүйесінде тіркеліп, төлем автоматты түрде қалыптасады.

– Айдың соңында сізден кімге қоңырау шалғаныңызды, қанша минут сөйлескеніңізді есептеп беру талап етілмейді ғой. Мұның бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Салық жүйесінде де осы қағиданы қолдануға болады. Неге кәсіпкерлер мен ұйымдар цифрлық экономикада онсыз да тіркеліп отырған операцияларды қайта есептеп, есептілікті өздері толтыруы керек? – деді ол.

Оның пікірінше, бухгалтерлік есеп пен салық органдарына есеп беру тәртібіне де осындай тәсілді енгізуге болады.

– Тауарларға, қызметтерге, жұмыстарға қатысты барлық әрекет пен өзара байланыс цифрлық форматқа көшірілуі керек. Сонда бізге бухгалтерлік есептілікті өзіміз толтырып, салық органдарына есеп берудің қажеті болмайды. Салық органдары қажетті ақпаратты әдепкіде біліп, кімнің қанша салық төлеуі керегін өздері есептеп, шот ұсына алады. Нағыз цифрлық экономика дегеніміз – осы. Сонда «Заң және тәртіп» қағидаты да сақталады, – деп түйіндеді Бағдат Мусин.

Ол цифрлық таңбалау жеке-дара жоба емес, толыққанды цифрлық экономиканы қалыптастыруға қажетті негізгі тетіктердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастаманың жүзеге асу қарқыны ортақ жұмысқа байланысты.

Еске салайық, Қазақстанда тауарларды міндетті цифрлық таңбалау жүйесі дәріханалардағы 26 мыңнан астам заңсыз қаптаманы анықтады.