Туа бітті жүрек ақауы неден пайда болады — дәрігер түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада туа біткен жүрек ақауы бар балаларға арналған тегін кеңестер мен диагноздан кейінгі өмір туралы алғашқы Public Talk өтіп жатыр. Іс-шарада UMC Клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, штаттан тыс бас балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова туа бітті жүрек ақауының себептері туралы айтты.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Дәрігердің сөзінше, туа біткен жүрек ақауларының шамамен 50 пайызы генетикалық өзгерістермен байланысты. Алайда мұндай ақаулардың түрі өте көп болғандықтан, оны бір ғана геннің өзгеруімен түсіндіру мүмкін емес.

— Кейбір тұқым қуалайтын аурулар бір геннің өзгеруінен пайда болады. Ал туа бітті жүрек ақауларында бірнеше гендегі өзгерістер қатар жүруі мүмкін. Сондықтан олардың нақты бір ғана себебін атау қиын, — деді Татьяна Иванова-Разумова.

Оның сөзінше, жүктіліктің алғашқы апталарында ананың жұқпалы аурумен ауыруы да әсер етуі мүмкін.

— Сәбидің жүрегі жүктіліктің 2-8 аптасында қалыптасады. Осы кезеңде анасы түрлі инфекциялармен ауырса, сол да әсер етуі мүмкін. Бірақ белгілі бір фактор жүрек ақауына тікелей себеп болады деп нақты айту мүмкін емес, — деді дәрігер.

Сондай-ақ маман шамадан тыс күн сәулесінің әсері немесе қоршаған орта факторлары туралы да түрлі болжамдар бар екенін атап өтті.

— Алайда олардың ешқайсысы туа бітті жүрек ақауының нақты себебі ретінде дәлелденген жоқ, — деді спикер.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық бала жүрек ақауымен дүниеге келетінін жазғанбыз.