Туған күн жақындағанда көңіл неге құлазиды

АСТАНА. KAZINFORM — Туған күн жақындаса, біреулер мерекені асыға күтеді, ал енді біреулердің көңілі құлазып, мазасы қашады. Тіпті ешкіммен сөйлеспей, оңаша қалғысы келетіндер де бар. Күз мезгілінде мұндай күйге бойдағы әлсіздік пен шаршау қосылуы мүмкін. Бұған не себеп? Көңіл күйдің уақытша түсуі мен депрессияны қалай ажыратуға болады?

Фото: Kazinform/ЖИ

Осы сауалдарға Kazinform тілшісіне жоғары санатты дәрігер-психотерапевт Маргарита Веремская жауап берді. Маманның айтуынша, күзде бойдағы күш-қуаттың азаюын жалқаулыққа немесе жігерсіздікке жаба салуға болмайды. Бұған күннің қысқаруы да әсер етеді. Күн сәулесі азайған кезде адамның биологиялық ырғағы өзгеріп, ұйқысы мен сергектігіне ықпал етеді. Соның салдарынан ұйқы басып, бойды әлсіздік билейді, көңіл күй түсіп, жұмысқа деген ынта азаюы мүмкін.

— Күн суытып, жарық азайған кезде ағза күш-қуатын үнемдеуге бейімделеді. Алайда қазіргі өмір салты бұған мүмкіндік бермейді: күнделікті міндеттеріміз бен жұмысымызды жалғастыра беруіміз керек. Осыдан адамның ішкі күйі мен сыртқы талаптары арасында қайшылық туып, ол шаршау мен енжарлыққа әкеледі, — деп түсіндірді Маргарита Веремская.

Дәрігер күзгі жабырқауды депрессия сияқты күрделі жағдайлармен шатастырмауға шақырады. Көңіл күйдің уақытша түсуі демалып, күн тәртібін реттегеннен кейін басылуы мүмкін. Ал жабырқау ұзаққа созылып, күнделікті тіршілікке кедергі келтірсе, оған бейжай қарамаған жөн.

— Егер адамның көңіл күйі күн сайын дерлік түсіп, мұң мен әлсіздік екі аптадан астам уақыт бойы басылмаса, бұл — алаңдауға негіз. Әсіресе бұрын қуаныш сыйлаған адамдармен араласу, сүйікті ісі мен әуестігі қызықсыз болып қалса, маманға қаралған дұрыс, — деді дәрігер.

Депрессияның өзге де белгілері бар. Мәселен, адамның зейіні шашырап, бір іске көңіл бөлуі қиындайды. Тәбеті өзгеріп, ұйқысы бұзылуы мүмкін. Кейбірінің ұйқысы қанбай, енді бірін керісінше ұйқы басады. Сондай-ақ денесі үнемі ауыр тартып, өзгелерден оқшаулануға тырысады, болашақтан үміт күтпейді.

Көпшілік туған күнді қуанышты мереке санайды. Бірақ бұл күн жақындаған сайын кей адамның көңілі көтерілмей, керісінше, мазасызданып, мұңаятыны бар. Психологияда мұны туған күн алдындағы жабырқау деп атайды.

Психотерапевт мұның бір себебін адамның бір жыл бойы жинаған шаршауымен байланыстырады. Мерекеге дайындалуға, қонақ күтіп, жақындарымен араласуға кейде күш-қуаты жетпей жатады.

— Жақындарымыз бен қоғам туған күнді міндетті түрде қуанып қарсы алатын мереке ретінде қабылдайды. Содан адам «мен қуануым керек» деп өзін іштей мәжбүрлейді. Ал шын мәнінде шаршап жүрген адам мұндай күтуді ауыр қабылдауы мүмкін. Кейде ешкіммен сөйлеспей, жалғыз қалғысы келеді. Бұл — өзін өзгелердің бағасы мен сыртқы қысымнан қорғап, тыныштық іздеудің бір жолы, — деді маман.

Туған күн жақындағанда адам өткен жылына көз жүгіртіп, жеткен жетістігі мен орындалмаған жоспарын таразылайды. «Осы жасқа дейін не бітірдім? Қандай мақсаттарыма жете алмадым? Қандай мүмкіндікті жіберіп алдым?» деген сауалдар мазалайды. Өз өмірін өзгелердің жетістігімен салыстыру да көңіл күйді түсіруі мүмкін.

— Адам көбіне қол жеткізген жетістігін елемей, орындалмаған мақсатына көбірек назар аударады. Әлеуметтік желідегі мінсіз өмірді көріп, өзін өзгелермен салыстыру да өзіне көңілі толмау, тіпті өзін кінәлау сезімін күшейтеді. Сондықтан өткен жылға қорытынды жасағанда өз мүмкіндігің мен жағдайыңды ескерген жөн, — деді Маргарита Веремская.

Күзде бойын енжарлық билеген кей адамдар желтоқсанға қарай сергіп, жаңа жоспар құрып, өміріне өзгеріс енгізуге ұмтылады. Дәрігер мұны адамның уақытты қабылдау ерекшелігімен және жаңа жылдың басталуына байланысты үмітпен түсіндіреді.

— Адам уақытты белгілі бір кезеңдерге бөліп қабылдауға бейім. Жаңа жылдың басталуы өткеннің сәтсіздіктерін артта қалдырып, бәрін қайта бастауға мүмкіндік туғандай сезім береді. Бұл адамға үміт сыйлап, алға ұмтылуға жігерлендіреді, — деп түсіндірді психотерапевт.

Мерекеге дайындықтың да әсері бар. Үйді безендіру, сыйлық таңдау, жақындармен бас қосу адамға жылылық сыйлап, өзін жалғыз сезінбеуіне көмектеседі. Осындай сәттерде мазасыздық та бәсеңдеуі мүмкін.

Алайда мерекеден кейін кей адамдардың көңілі қайта түсіп, бойын бос сезінуі ықтимал. Дәрігер мұны көптен күткен оқиғадан кейінгі шаршаумен байланыстырады.

— Маңызды күнді асыға күту де, мереке алдындағы көтеріңкі көңіл күй де адамнан көп күш алады. Күткені көп болған сайын, мерекеден кейінгі көңіл күйдің түсуі де қатты сезілуі мүмкін. Көптен күткен оқиға өтіп кетеді, оны күту сезімі басылады, ал күнделікті тіршілік сол қалпында жалғасады. Осыдан адам өзін бос сезініп, бұрынғы енжарлыққа қайта бой алдыруы мүмкін, — деді маман.

Дәрігер ең алдымен күнделікті әдеттерге мән беруге кеңес береді. Күндіз далада көбірек серуендеу, қимыл-қозғалысты арттыру, ұйқы тәртібін сақтау және дұрыс тамақтану көңіл күйге оң әсер етеді.

Жаяу жүру, жүзу және жеңіл дене жаттығулары да пайдалы. Сонымен қатар терапевтке қаралып, ағзада дәрумендер мен микроэлементтер тапшылығы бар-жоғын тексерткен жөн. Өйткені олардың жетіспеуі де әлсіздік пен шаршауға себеп болуы мүмкін.

Ал күн тәртібін өзгертіп, демалғаннан кейін де жағдай жақсармаса, жабырқау, мазасыздық пен ұйқының бұзылуы екі-үш аптадан астам уақытқа созылса, психотерапевтке немесе психиатрға қаралу қажет.

— Көмекке жүгіну керегін көрсететін басты белгі — адамның күнделікті тіршілігін бұрынғыдай жалғастыра алмауы. Егер қазіргі күйі жұмысына, ата-аналық міндеттеріне, адамдармен қарым-қатынасына немесе өзін күтуіне кедергі келтірсе, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн, — деп атап өтті Маргарита Веремская.

Өзіне қол жұмсау туралы ойлар, үрей ұстамалары мен ұйқының қатты бұзылуы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұндай жағдайда кәсіби көмекке дереу жүгінген дұрыс. Дәрігер тексеру нәтижесіне қарай емдеу жолын белгілейді. Қажет болған жағдайда психологиялық қолдаумен қатар дәрі-дәрмекпен емдеу де тағайындалуы мүмкін.

Психотерапевттің айтуынша, адамдар ұзаққа созылған шаршау, ұйқысыздық пен денедегі жайсыздықты көбіне дәрумен тапшылығынан көреді. Алайда мұндай белгілердің денсаулыққа қатысты себептерімен қатар, адамның психологиялық күйін де ескерген маңызды.

— Осындай қиын кезеңде адам өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек. Қажет кезде психикалық денсаулық маманына дер кезінде жүгіну терең дағдарыстың алдын алуға көмектеседі. Психикалық саулыққа көңіл бөлу — артықшылық емес, қазіргі өмірде өзіңді күтудің маңызды бөлігі, — деп түйіндеді Маргарита Веремская.

Бұған дейін күзгі жабырқауды депрессиядан қалай ажыратуға болатыны және киім түсінің көңіл күйге әсері туралы жазған едік.