Шарада Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Қазақстан Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұровпен және Қазақстандағы Samsung компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар туындыларды жеке мақсатта қайта шығару үшін төленетін сыйақыны құқықтық реттеу мәселелерін, осындай қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштердің тізбесін қалыптастыру тәсілдерін, сондай-ақ осы саланы реттеудің халықаралық тәжірибесін талқылады.
Құқық иеленушілердің, тұтынушылардың, тиісті жабдықтарды дайындаушылар мен импорттаушылардың мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіпкерлік қоғамдастыққа артық жүктеме түсірмейтін ашық әрі болжамды тетіктерді қалыптастыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ақпарат алмасуды жалғастыруға және авторлық құқық пен сабақтас құқықтар саласында теңгерімді шешімдерді әзірлеу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Қатысушылар Қазақстандағы зияткерлік меншік саласын одан әрі дамыту үшін мемлекет, бизнес және құқық иеленушілер арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетелік Конституцияда авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау күшейтілетіні туралы жазған едік.