Тұқымы суға кеткен ақтөбелік диқанның мәселесі қалай шешілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Құмқұдық ауылында көктемгі су тасқыны кезінде шаруа қожалығының 80 тонна тұқымы жарамсыз болып қалды. Шаруалар арасында өзара тұқым айырбастау жүріп, «Әли» өндірістік кооперативі 400 га жерге бидай екті. 

Фото: ҚР Орталық коммуникациялар қызметі

Ақтөбе облысы бойынша биыл 700 мың гектардан астам аумақ игеріледі. Қазіргі кезде 220 мың гектар аумақта көктемгі далалық жұмыстары жүргізілді. 

- Су тасқыны кезінде өсімдік шаруашылығына айтарлықтай зиян келмеді. Қазір егіс алқаптарының бәрі жарамды, егін егу жұмысы жүріп жатыр. Сәуір айының соңғы онкүндігі мен мамыр айының басынан бастап 220 мың гектарға егіс жұмыстары жүрді. Оның ішінде 160 мың гектары дәнді дақылдар, 32 мың гектары майлы дақылдар, 30 мың гектары мал азығы және 1,4 мың га картоп, 500 га көкөніс, қалған 200 га бақша дақылдары. Айта кетерлігі, Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылы «Әли» өндірістік кооперативінде тұқымды су басты. Әкімдік тарапынан шығынды өтеу жолы қарастырылып жатыр. Бүгінде шаруашылық шаруалар арасындағы өзара тұқым айырбастау тәсілімен тұқым алып, егіс жұмысын жүргізді. Қазір 400 гектар алқапқа бидай екті. Елімізде ауыл шаруашылығы саласында жеке және заңды тұлғаларға шығынды өтеу қағидалары бекітілді. Ол жерде егістік алқаптардың суға кетуі қарастырылып отыр. Бізде егістік алқап емес, тұқым болып тұр. Әлі де министрлік арқылы нақтылау керек, - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.

Оның айтуынша, биыл жалпы 400-430 мың тонна астық, 40 мың тонна майлы дақыл жиналады деп болжанды. Орташа өнімділігі гектарына 10 центнер болуы мүмкін. 

Айта кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде 3 мыңнан астам мал өлексесі тіркелді. Барлығы 1500-ден астам мал басына 264,4 млн теңге өтелді.