Түлектер 100% жұмыспен қамтылады: ІІМ талапкерлерді оқуға шақырып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарында білім алудың қандай артықшылықтары бар? Бұл сауалға министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев жауап берді. 

Фото: Polisia.kz

«Курсанттар мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады, тегін тамақпен, жатын орнымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оларға тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Оқу орындарында жаттығу және спорт залдары қарастырылған және стипендия алады. Оқу мерзімі әскери қызмет өткерумен теңестіріледі, ең бастысы, түлектер 100% жұмыспен қамтылады», - деді Шыңғыс Алекешев ведомствода өткен онлайн брифингіде. 

Сондай-ақ, министрлік өкілінің айтуынша, оқу аяқталғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер бакалавры, полиция лейтенанты атағы беріледі.

«Курсанттарды оқытудың әртүрлі интерактивті әдістері қолданылады. Бұл практикалық жағдайларды шешу, қылмыстық және әкімшілік істердің, қызметтік және іс жүргізу құжаттарының макеттерін жасау тағы сол сияқты. Оқуды аяқтаған түлек ішкі істер органдарында жұмыс істеуге толық дайын болып шығады», - дейді ол.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарына түсу үшін қойылатын талаптарға тоқталған едік