Түлектер кешіне тыйым: Оқу-ағарту министрлігінің талабы заңды ма

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мектеп түлектерінің бітіру кешіне тыйым салынды. Алайда ата-ана да, түлектер де бұл шектеуге қарамастан басқосу өткізуге шешім қабылдаған. Әрі бітіру кешіне қойылған талапты құқық қорғау органдары емес, Оқу-ағарту министрлігі жиі айтады. Kazinform агенттігінің тілшісі білім саласының шенеуніктері қойған тыйымның қаншалықты заңды екенін білді.

Фото: Kazinform/ Nano Banana

Оқу-ағарту министрлігінің бітіру кешіне деген ұстанымы көпке таныс. Қазір орталық стадиондарда, алаңда ресми салтанатты шара өтпейді. Мектеп асханасындағы босқосулар бүгінде ұмыт қалды. Алайда бітіру кешінен ешкім де жаппай бас тарта қойған жоқ. Кейбірі мейрамханаға тапсырыс беріп, ата-ана мен баласы бірге атап өтеді. Енді бірінде жасөспірімдер өздері кеш ұйымдастырып, бөлек тойлайды. Тіпті коттедж жалдайтыны да бар.

Павлодарлық түлектің анасы Людмила бұл кешке жарты жыл бұрын дайындала бастаған. Түлекке арналған лента, костюм алып, фотосессия жасады. Бәрінің де ақшасын төледі. Сыныпта мейрамханадағы басқосудан бас тартқаны да бар. Оны да ешкім міндеттемеді. Ал бітіру кешіне барғысы келетін адамдарға тыйым салу дұрыс емес деп санайды.

— Біз мерекелік басқосуды қазіргі бағаға қарап қарапайым түрде өткіземіз деп шештік. Барлық ата-ана ортақ келісімге келді. Алдымен жан басына 18 мың теңге алатын мейрамхананы таңдадық. Кейін 13 000 теңгеге табылды. Ең бастысы бітіру кешін бірге өткізгіміз келді, — деді Людмила.

Ата-аналар мейрамханадан өзге фотографқа қосымша 15 мың теңге, гүлге 10 мың теңге, жүргізушіге 10 мың теңге, ұсақ-түйек қажеттілікке тағы 10 мың теңге жинады.

Оқу-ағарту министрлігі не дейді

Kazinform Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады. Министрліктің хабарлауынша, түлектер кешіне тыйым қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтауға, білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған. Сөйтіп жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, бұйрық мен қаулы қабылдады.

— Талап бойынша оқу жылы аяқталған соң мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж жалдап, таңды қарсы алуға, алау жағуға тыйым салынады. Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді, — деп жауап берді ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Аттестат, диплом табыстау рәсімі міндетті түрде білім беру ұйымының ғимараттарында өтеді.

— Тәрбиелік және мәдени-ағарту іс-шарасын ұйымдастырған кезде «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, түлектерден, олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінен ақша жинамауға үндейміз. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында басшылары мен педагогтерге, оқушылары мен ата-аналар кеңесіне ақша жинауға болмайтынын айтып, түсіндіріп жатырмыз, — деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Бір сұрақ сол күйі ашық қалды. Оқу-ағарту министрлігі қай заңға сүйеніп тыйым салып отыр? Қолданыстағы әкімшілік заңнамада бітіру кешін өткізуге тыйым туралы мүлде жазылмаған. Сауалды ҚР ІІМ-не де жолдап, жауабын білдік. Министрліктің хабарлауынша, полицияның міндеті — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыздықтың жолын кесу және оны болдырмау.

— Бітіру кешін өткізу немесе шектеу қою сауалы тікелей Оқу-ағарту министрлігіне бағытталуы тиіс. Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылдың 29-сәуірі күні «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинауға және бітіру іс-шараларын өткізуге жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» № 106-НҚ бұйрығын шығарды. Бұйрықты Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер бекітті. ІІМ-нің бұл бұйрыққа еш қатысы жоқ. Полицияның міндеті бітіру кешін өткізуге рұқсат беру немесе оған тыйым салу деп бөлінбейді, — деп жауап берді ҚР ІІМ.

Соған қарамастан білгілі бір дәрежеде шектеу бар. Кәмелет жасқа толмаған бала жанында ата-анасы, заңды өкілі болмаса көңіл көтеру орындарында, түнгі клубтарда қыдыра алмайды. Түнде көшеде жалғыз жүруге болмайды. Егер заңсыздық тіркелсе ата-ана да, баланың кіруіне рұқсат берген кәсіпкер де жауапқа тартылады. 2026 жылы Қазақстанда 52 мың ата-ана мен 1 300-ден астам кәсіпкер жауапқа тартылған.

Кәсіпкерлер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 132-бабы бойынша жауапқа тартылады. Көңіл көтеру орындарындағы басқосуда баланың жанында ата-анасы болмаса заңды тұлғаларға 43 мың теңге айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерлер 216 мың теңге төлейді.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша ата-аналар 13 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді. Егер бала көшеде, көңіл көтеру орындарында бірінше рет ұсталса, тек ескерту берілуі мүмкін.

— Бітіру кештерінде кәмелет жасқа толмаған балалардың қауіпсіздігіне ата-анасы, заңды өкілі және іс-шараны ұйымдастырушылар жауапты болады. Оқу жылы аяқталып жатқан кезде жасөспірімдер мен жастар көп шоғырланатын орындарда полиция да бақылауды күшейтеді. Полиция қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алады, — деді ҚР ІІМ.

Кейде түлектер бітіру кешін мейрамханаларда өткізбейді. Мұндайда пәтер мен коттеджді жалға беретін кәсіпкерлердің құжаты дұрыс болмаса, жазаланады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес жеке тұлғаға салынатын айыппұл 63 мың теңгеден басталып, ірі кәсіпкерлер үшін 650 мың теңгеге дейін жетеді.

Демек бітіру кешін мейрамханаларда өткізген ата-ана мен балаларды қандай да бір жауапқа тартуға еш негіз жоқ. Кәмелетке толмаған ішімдік ішпесе, шылым шекпесе, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбаса, ең бастысы жанында ата-анасы, заңды өкілі болса полиция жауапқа тартпайды. Есте болар жайт, баланың жанында міндетті түрде заңды өкілі болуы шарт. Егер сенімхат нотариалды түрде рәсімделмесе ағасы, әжесі, өзге де туысы заңды өкіл болып саналмайды.

Бұған дейін мектеп бітіру кештерінің дарақылыққа айналуы мәселесіне қатысты Оқу-ағарту министрлігі шектеу шараларын енгізді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.