Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу үшін бірқатар профилактикалық шара қолға алынады.
— Алдағы эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы екпе жүргізу үшін Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол Плюс» вакцинасының 169 005 дозасын сатып алды, — деді Айгүл Шағалтаева.
Кімдер тегін екпе алады
Үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес тұмауға қарсы екпе тегін салынатын бірнеше санат бар.
Олар:
• медициналық ұйымда диспансерлік бақылауда тұрған балалар;
• жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• медициналық-әлеуметтік мекемелердегі адамдар;
• осы мекемелердің қызметкерлері.
Сонымен қатар тұмау жұқтыру қаупі жоғары адамдарға да екпе алу ұсынылады. Олардың қатарында жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан тұрғындар бар. Екпе ерікті түрде салынады.
Екпені қайдан алуға болады
Жергілікті бюджет қаражатына сатып алынған вакцина Астанадағы 41 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында салынады. Оның ішінде 15 емхана, дәрігерлік амбулаториялар, отбасылық денсаулық орталықтары және басқа да медициналық ұйымдар бар.
Ал тұмауға қарсы екпені ақылы түрде алғысы келетін тұрғындар «Опен клиник» медициналық орталығына жүгіне алады. Мұнда да Ресейде өндірілген «Гриппол Плюс» вакцинасы салынады.
Тұмаудан қалай сақтануға болады
Айгүл Шағалтаева сырқаттанушылық көбейген кезде қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес берді.
— Инфекцияның таралу қаупін азайту үшін қоғамдық орындарда маска тағыңыз, адам көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болыңыз және мүмкіндігінше науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеңіз. Бұл әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және созылмалы ауруы бар адамдар үшін маңызды. Қолды антисептикпен жиі тазалап отыру қажет, — деді ол.
Департамент басшысы ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу оңай екенін еске салып, тұрғындарды өздерін және жақындарын қорғауға шақырды.
Бұған дейін Астанада балалар арасында ЖРВИ-мен сырқаттану 24%-ға өскені хабарланған еді.