Тұмау мен коронавирус 2 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті – Динагүл Баешева

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы коронавирус жұқтырған балалар көп анықталса, биыл тұмаумен ауырған бала одан көп. Бұл туралы «Астана медицина университет» АҚ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Желтоқсан, қаңтар айларында ЖРВИ және тұмаумен ауыратындардың саны артты. Өткен жылы коронавируспен ауыратын балалар көп болды. Ал биыл ЖРВИ және тұмаумен ауырған бала көп. Тұмау балаларда, әсіресе бұрын коронавируспен ауырған балаларда ауыр өтіп жатыр. Әсіресе тұмау мен коронавирус екі жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті», - деді Д. Баешева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сол себепті дәрігер ата-аналарға тұмау жұқтырған баланы мектепке немесе балабақшаға апармауға кеңес береді.

«Егер бала бір вируспен ауырса, халық көп жиналатын жерлерде екінші бір вирусты жұқтырып келуі мүмкін. Бұл жағдайда балаға ауруды еңсеру қиын. Егер баланың тәбеті жоғалса, ентігу пайда болса, міндетті түрде дәрігерге бару керек», - деді дәрігер ата-аналарға.

Бұған дейін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова елдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндаған еді.

Сондай-ақ елімізде баласына вакцина салғызбайтын ата-аналар көбеюде.