Түнде Іле Алатауында адасып қалған екі қыз құтқарылды - ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM - Алматы облысының Талғар ауданында, Бесқайнар ауылы маңындағы «Букреева» шыңында тауға шығу кезінде 2009 жылы туған екі қыз адасып кеткен, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, олар жеті адамнан тұратын топ құрамында тауға шыққан, алайда «Пионер» тау кешеніне қарай түскен кезде өзгелерден қалып қойып, олармен байланыс жоғалған.

Құтқару қызметіне хабарлама түскен соң, ТЖМ Республикалық «Барыс» құтқару қызметі және Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметі дереу іздестіру жұмыстарын бастады. Іздеу түнгі уақытта, ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізілді. Тауда жаңбыр жауып, қозғалыс пен жерді тексеруді едәуір қиындатты.

-Іздестіру-құтқару операциясы барысында мамандар Бутаков шатқалы мен «Букреева» шыңы маңындағы таулы маршруттарды тексерді. Адасқан қыздар қатты тоңып және шаршап қалған күйде табылды,-делінген хабарламада.

Құтқарушылар оларға қажетті көмек көрсетіп, қыздарды бір-бірлеп арқаларына отырғызып, қиын өту жолдары арқылы қауіпсіз аймаққа эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болмады.

Қыздар таудан аман-есен түсіріліп, туыстарына тапсырылды.

Осыған дейін Алма-Арасан шатқалында жасөспірім жартастан құлап кеткені туралы жаздық.