«Түнгі қаладағы балалар»: Таразда 14 жастағы қыз бір аптада үш рет полицияға ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірім бірнеше рет үйіне жеткізілген. Полиция қызметкерлері анасы екеуіне түсіндірме жұмыстарын жүргізгенімен нәтиже шықпаған.

Фото: Жамбыл облыстық ПД

Рейд барысында тіркелген оқиғалардың бірі Тараз қаласының 14 жастағы тұрғынына қатысты болды. Полицейлер соңғы бір аптада оны түнгі уақытта үш рет үйіне жеткізген. Қыз бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарында болған. Жасөспіріммен және оның анасымен бірнеше рет профилактикалық әңгіме жүргізілгенімен, жағдай өзгермеген. Сондықтан кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шешімімен қыз Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Алдағы уақытта оны арнайы мектепке жіберу жоспарланып отыр.

Жамбыл облысында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды. Рейдтер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды қорғауға бағытталды.

Іс-шара барысында полиция бөлімшелеріне 340 жасөспірім жеткізілді. Оның 57-сі әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталған. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған 4 бала Балаларды қолдау орталығына жіберілді.

Жамбыл облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдікәрімовтің айтуынша, мұндай рейдтердің негізгі мақсаты — жазалау емес, ересектердің назарын, көмегін және бақылауын қажет ететін жасөспірімдерді дер кезінде анықтау.

Профилактикалық жұмыстар барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жүрген 266 жасөспірім анықталды. Сонымен қатар заң талаптарын бұзып, ойын-сауық орындарында болған 17 кәмелетке толмаған ұсталды.

Рейд қорытындысы бойынша балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 47 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ сағат 22:00–ден кейін кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруіне жол берген 10 ойын-сауық мекемесінің иесі жазаланды.

Бұдан бөлек, 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан 9 азамат жауапқа тартылды. Ал 19 жасөспірім мен 11 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында жыл басынан бері 2000-нан астам жасөспірім полицияға жеткізілген.