Тунистің Ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауқымды өрттердің салдарын жою жұмыстарының қорытындысы министр Иззеддин Бен Шейхтің кеңесшісі Хейкель Хашлефтің төрағалығымен өткен кеңесте шығарылды.
Жиында биылғы жаз маусымында ауыл шаруашылығы алқаптары мен орман алқаптарында болған өрттердің салдары қорытындыланып, оларды сөндіру шараларының тиімділігі бағаланды.
Кеңеске ішкі істер, қорғаныс, қаржы, көлік, қоршаған орта, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрліктерінің, Ұлттық азаматтық қорғаныс басқармасының, Ұлттық метеорология институтының, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің орталық және өңірлік бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, жаз басталғалы орман қызметтері жалпы саны 1000 өртті сөндірген. Өрттердің шамамен 90 пайызы астық алқаптарында, егін жиналған егістік жерлерде және құрғақ жайылымдарда болған. Жалпы жанып кеткен аумақ 12 100 гектарды құрады.
Кеңесте өртпен күресті қиындатқан негізгі факторлар ретінде ауа температурасының жоғары болуы, жалғасып жатқан құрғақшылық, қатты жел және кейбір өңірлердің күрделі жер бедері аталды.
Хейкель Хашлеф орман алқаптары мен ауыл шаруашылығы өндірісін қорғау ұлттық басымдық екенін атап өтті. Оның айтуынша, өрттің алдын алу шараларын жалғастыру, ерте ескерту және мониторинг жүйелерін жетілдіру, жауапты мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейту, сондай-ақ фермерлер мен орман алқаптарын пайдаланатын азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет.
Сондай-ақ ол салалық мекемелердің кадрлық әлеуеті мен материалдық-техникалық базасын нығайтып, өртті бақылау және келтірілген шығынды бағалау үшін заманауи технологияларды кеңінен қолдану жедел әрекет ету тиімділігін арттыратынын айтты.
Тунисте жыл сайын жаз мезгілінде аптап ыстықтың күшеюі, құрғақшылық пен қатты желдің салдарынан орман және ауыл шаруашылығы алқаптарында көптеген өрт болады. Әсіресе елдің солтүстік-батысындағы орманды өңірлер мен астық өсірілетін аумақтар жиі зардап шегеді. Соңғы жылдары тілсіз жау мыңдаған гектар жерді шарпыған. Билік өрт қаупін азайту үшін алдын алу шараларын, ерте ескерту жүйелерін және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жұмыстарын жалғастырып келеді.
Айта кетейік, ДДҰ орман өрті түтініндегі бөлшектердің қанға түсетінін ескертті.