Оның айтуынша, президент сайлауы туралы үндеу дер уақытында туған үндеу болды.
«Әлемде қазір тұрақсыздық белең алып тұр. Осындай алмағайып уақытта уақытша дүниелермен отыруға болмайды. Тұрақты шешімдер қабылдайтын күн жетті. Қазақ деген халық тілек тілегенде сауатсыз болса да батасына, тілегіне «ел аман, жұрт тыныш болсын» деген тілек тілеп өткен. Біз үшін одан үлкен тілек жоқ. Әлемде ақыл-ой аламаны басталды. Әр ұлт, әр мемлекет жанталасып қоғамда әлемдік үлкен айдында өз кемесінің, қайығының дұрыс бағытта жүруін тілейтін уақыт болды. Маған бүгінгі үндеуде ең ұнағаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың адалдығына кепілдік беремін деп айтты. Әр отбасы - кішкентай Отан, үлкен Отанымызды дұрыс адам басқарғанын жұрттың аман болғанын қаламайтын ұлт жоқ. Алдағы сайлаулардан бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек. Тезірек Мемлекет басшысын сайлап алып, ары қарай бағдарламаларымызды жасау керек», - деді ақын Ғалым Жайлыбай.
Айта кету керек, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.