Тұрғымбаев қаза тапқан ақмолалық екі полицейдің отбасыларын мерекемен құттықтады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қол қойған құттықтау хатын Бурабай ауданындағы қаза тапқан екі полицейдің отбасы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Бурабай ауданында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан екі полиция қызметкерінің отбасын Жаңа 2021 жылмен құттықтады.

Министрдің қолы қойылған құттықтау ашық хатын, мерекелік конверт және сыйлықты Ақмола облыстық Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин тапсырды.

Ведомство басшысы қаза болған офицерлерді еске ала отырып, олардың әрқайсысының кәсіби қасиеттерін атап өтті. Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.


«Учаскелік полиция инспекторы Қанат Хамидуллиннің отбасында 2020 жылдың 14 желтоқсанында ол күткен маңызды оқиға болды - екінші ұлы дүниеге келді. Жаңа туған нәрестенің есімі әкесі армандағандай Шыңғыс қойылды. Қазіргі уақытта үйдің үлкені жеті жасар Нұрсұлтан анасына көмектесіп, жаңа туған інісіне қамқорлық танытуда.


Ал артында Адель, Әлихан және Батыржан есімді үш баласы қалған Қанат Отарбаевтың отбасы үшін ведомстволық үш бөлмелі пәтер бөлінді», - деді ведомстводан.

Атап өтілгендей, Ішкі істер министрі, облыстық департамент пен аудандық бөлімшелердің басшылығы қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына үнемі моральдық және материалдық қолдау көрсетіп келеді.

Еске салайық, 2020 жылдың 15 қазанында Ақмола облысының Щучинск қаласында полицияның екі қызметкері жол апатынан қаза тапқан болатын.