Түріктер Сыр өңіріне күріш егіп, шыққан өнімді түгел сатып алмақ

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасында түркиялық кәсіпкерлер мен сыр диханшылары бас қосты. Түркияның HARMAN компаниясының өкілдері Қызылордада егілген түрік күрішінің сортын өз нарықтарына шығаруға ниетті.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап хабарлады.

Ең алдымен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында болған қонақтар Сыр елінде өсірілетін күріш сорттарымен, олардың өсірілу технологиясымен танысты.

Мұнан кейін Палатада жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, пікірлесті. Түркияда күріштің 1 келісі 1-1,5 доллар, яғни 340-500 теңге көлемінде тұрады екен. Түріктер егер Қызылордадан серіктестер тапса, өздерінің тұқымдарын біздің шаруа қожалықтарына өздері әкеліп беріп, кейін жиналған астықты толығымен сатып алмақ. Яғни, өнімді өткізу проблемасы шешіледі. Егер серіктестік жалғасын тапса, барлық технологияларын енгізіп, екі-жақты тиімді жұмыс атқармақ.

Тілшілердің «Неліктен Қызылорда таңдалып отыр?» деген сауалына: «Біріншіден, Түркияда күріш егістігі үшін жер көлемі шектеулі, екіншіден ол жақта өсірілген  күріштің өзіндік құны да жоғары», - деп жауап берді.

Бұл серіктестіктен біздің диханшыларымыз не ұтады? Түркия еуростандартқа өткен. Сол үшін де күрішті егу технологиясының барлығы стандартқа сай болып, бәсекеге қабілетті болады. Біздің диханшыларымыз осы тәжірибені өздеріне енгізу арқылы, алыс шетел нарығына шығуға мүмкіндік ала алады.

Кәсіпкерлер палатасында болған кездесуден кейін қонақтар «Абзал және К» ТС-де болып, оның материалдық-техникалық базасымен, егістік алқабымен танысты.

Отандық өнімді жоғары бағалаған түрік бауырларымыз базардағы күрішімізді сатып алды.