Депутаттың айтуынша, Қазақстанда ішкі туризмге сұраныс артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ішкі туризмді дамыту, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыру және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен.
— Бүгінде Қазақстанның туристік әлеуеті мол. Алайда оны толық іске асыру үшін тәсілді өзгерту қажет. Жекелеген туристік нысандарды ғана дамытпай, оларды өзара байланыстыратын толыққанды туристік маршруттарды қалыптастыруымыз керек, — деді Ажар Қажыбекова.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында туризмнің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі шамамен 5 трлн теңгені құраған. Салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, салық түсімдері 630 млрд теңгеден асқан. Туризмге салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеге жеткен. Өткен жылы Қазақстанда 11,7 млн-нан астам туристік сапар жасалған. Оның 10,2 млн-нан астамы ішкі сапарларға тиесілі. Ішкі туристердің 33,2 пайызы жеке автокөлігін пайдаланған, ал олардың шығыны 1,1 трлн теңгеден асқан.
— Бұл көрсеткіштер автотуризмге деген сұраныстың қалыптасқанын көрсетеді. Сондықтан ішкі жолдарға тек көлік инфрақұрылымы ретінде емес, туристік маршруттарды қалыптастыратын стратегиялық нысан ретінде қарау қажет, — деп атап өтті депутат.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына 2026 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 11 мың турист барған. Олардың 11 пайызы — шетелдік қонақтар. Депутаттың пікірінше, өңірдегі жол инфрақұрылымының жағдайы туристік ағынды арттыруға тікелей әсер етеді. Осыған байланысты «Ауыл» фракциясы бірқатар ішкі жолдарды халықаралық туристік дәліз ретінде қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстандағы Өскемен — Тарханка — Топиха — Черемшанка — Риддер — Ресей Федерациясының шекарасы, сондай-ақ Ұлытау облысындағы Астана — Баршын — Жайрем — Ұлытау — Жезқазған — Созақ — Түркістан бағыттарын дамыту ұсынылып отыр.
Депутаттың айтуынша, бұл бағыттарды жаңғырту жаңа туристік маршруттарды қалыптастырып, тарихи және табиғи нысандарды өзара байланыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шағын бизнес пен ауыл туризмін дамытуға жағдай жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің логистикасы жақсарады.
— Жол тек бір қаладан екінші қалаға апаратын бағыт қана емес. Ол туристік нысандарға, орналастыру орындарына және шағын бизнес дами алатын аумақтарға жеткізетін инфрақұрылым болуы керек, — деді Ажар Қажыбекова.
Депутат агротуризмнің әлеуетіне де назар аударды. Оның пікірінше, қонақ үйлер, фермерлік өнімдер, ұлттық тағамдар, атпен жүретін туристік маршруттар мен қолөнер ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айнала алады.
Сонымен бірге депутат әртүрлі ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы кей жағдайда өзара үйлестірілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, туристік жобаларды іске асыруда бірыңғай ұзақ мерзімді жоспар мен нақты жауапты тұлғалар айқындалуы қажет.
Осыған байланысты «Ауыл» фракциясы Үкіметке мынадай үш ұсыныс енгізді:
— өңірлердің туристік әлеуетін кешенді дамытуға мүмкіндік беретін автожолдардың бірыңғай тізілімін әзірлеп, ондағы бағыттарды басым нысандар ретінде айқындау және тиісті жаңғырту жұмыстарын жүргізу;
— «Тарханка — Топиха — Черемшанка» автомобиль жолын ішкі және тау туризмін дамытуға бағытталған басым инфрақұрылымдық пилоттық жоба ретінде айқындап, оны 2027 жылы іске асыру мүмкіндігін қарастыру;
— агротуризмді үйлестіру мен жүйелі дамытуға жауапты уәкілетті орталық мемлекеттік органды айқындап, оған арнайы өкілеттіктер беру.
Бұған дейін депутат Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиацияны дамыту үшін бірыңғай цифрлық жүйе құруды ұсынған еді.