Туризм: 2025 жылы 80 мекеме «Сапа белгісін» иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы туристік сала өкілдерінен «Сапа белгісі» бағдарламасына қатысуға 94 өтінім қабылдады. Кешенді бағалау мен дауыс беру қорытындысы бойынша 80 кәсіпорын талапқа сай екенін растаған. 

Фото: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы

«Сапа белгісі» бағдарламасы 2021 жылы «Kazakh Tourism» компаниясының бастамасымен іске қосылды. Оның басты мақсаты — қонақжайлылық мәдениетін және туристік қызметтердің сапасын арттыру. 

— Осы уақыт аралығында 290 компания өз қызметінің ұлттық және халықаралық стандарттарға негізделген бағдарлама талаптарына сәйкестігін растады. «Сапа белгісі» «Very Nice» және «Nice» сынды екі деңгей бойынша беріледі, — делінген хабарламада.

Биыл өтінімдердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларынан, Түркістан және Алматы облыстарынан жолданды.

Компанияның мәліметінше, өтінімдер 5 санат бойынша қабылданған: «Орналастыру орындары», «Тамақтану орындары», «Туроператорлар», «Гидтерді оқыту» және «Халал-туризм саласындағы нысандар». «Сапа белгісі» иегерлерінің басым бөлігі орналастыру және қоғамдық тамақтану сегменттеріне тиесілі . 

Қатысушыларды іріктеу рәсімі мемлекеттік органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінен құралған жұмыс тобының бағдарлама талаптарына сәйкестігін міндетті тексеруді қамтиды.

Еске сала кетейік, бүгін Үкімет басшысы Туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді міндеттеді.