Түркі әлеміне ортақ ғылыми кеңістік қажет – сарапшы

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамытуда түркітанудың маңызы туралы айтылды.

Фото: Қырмызы Скендір / Kazinform

Түркиядағы Кыршехир Ахи Эвран университетінің Абай атындағы Қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Осман Қабадайы «Түркі мемлекеттерінің интеграциясы жəне түркітанудың қазіргі даму бағыттары: Қазақстан – Түркия ғылыми-мəдени ынтымақтастығы негізінде» баяндамасын оқыды.

Оның сөзінше, түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамытуда түркітанудың маңызы артып келеді. Ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттейтін бұл ғылым түркі халықтарының тілін, әдебиеті мен мәдениетін танытуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік береді дейді.

Зерттеушінің пікірінше, қазіргі түркітану тек тіл мен әдебиетті зерттеумен шектелмейді. Ол тарих, мәдениеттану, этнология, археология, қолжазбатану, цифрлық гуманитаристика, білім беру және мәдени дипломатия салаларымен тығыз байланыста.

Сонымен қатар ол түркі мемлекеттері арасындағы академиялық байланыста Түркі университеттері одағы (TURKUNIB) мен «Орхон» бағдарламасының маңызына тоқталды. Бұл бастамалар студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуына және ортақ білім беру кеңістігін дамытуға бағытталған.

Ортақ ғылыми кеңістікті қалай дамытуға болады?

Қабадайы түркі әлеміндегі интеграцияны тереңдету үшін бірнеше бағытқа басымдық беруді ұсынады.

Біріншісі – Түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындары арасында бірлескен түркітану бағдарламаларын ашу. Бұл студенттер мен зерттеушілердің ортақ ғылыми жобаларға қатысуына жол ашады.

Екіншісі – түркі тілдерінің электрондық корпустары мен ортақ цифрлық библиографиялық базаларын құру. Мұндай инфрақұрылым ғылыми еңбектер мен жазба мұраларды жүйелеуге, оларды зерттеушілерге қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Үшіншісі – жас ғалымдарды қолдау. Ол үшін академиялық ұтқырлықты кеңейтіп, халықаралық гранттар мен тағылымдамалар санын арттыру қажет.

Зерттеушінің түйіндеуінше, түркітану ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеумен ғана шектелмей, түркі халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға үлес қосады.

Еске салайық, Алматыда «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары: тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр. Бұған дейін шығыстанушы Шығыс архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты мыңдаған еңбек табылғанын айтты.

Конференцияда спикерлердің бірі Қазақстан бірнеше көлік дәлізін ұштастыру арқылы транзит мүмкіндігін кеңейтетінін айтып берді.