Шығыс архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты мыңдаған еңбек табылды — шығыстанушы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары: тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлы конференцияда Қазақстанның Шығыс елдерімен тарихи, мәдени және экономикалық байланысын зерттеу не үшін маңызды екенін айтты.
Сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Батыс және Шығыс елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастады. Сол себепті үкіметтің алдында екі Батыс және Шығысты зерттеу міндеті тұрды дейді. Осылайша Қазақстанның шығыс елдерімен байланыстарын ғылыми тұрғыдан зерттейтін және ұлттық тарихқа қатысты шетелдік деректерді анықтап, ғылыми айналымға енгізетін мамандандырылған ғылыми мекеме құрылды.
— Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін, тілі мен дінін, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын зерттеу — ғылыми қызығушылық қана емес, стратегиялық мүдделермен сабақтас маңызды міндет. Екі жарым жылдық отаршылдық кезеңде біз тарихи жадымыздан айырылып қалдық. Ал Шығыс мәдениетінде бізде ұмыт болған тіліміз, өркениетімізді таба аламыз, — деді ол.
Айтуынша, Шығыс елдерін зерттеу арқылы Қазақстан өзінің ежелгі тарихының ұмыт болған жауһарын таба алады. Нәтижесінде ежелгі тарих, орта ғасыр, Алтын орда кезеңі және Қазақ хандығына қатысты мыңдаған еңбек Шығыс елдерінің архивінен алынды дейді.
— 30 жыл — бір белес. Конференцияда Қазақстан 30 жылда Шығысты зерттеу арқылы қандай нәтижеге жеткенін, не анықтағанын халыққа паш етеміз, бүгін есеп береміз, — деді Шығыстану институтының бас директоры.
Конференция барысында Қазақстан мен Шығыс елдерінің саяси-экономикалық және мәдени ынтымақтастығы, аймақтық қауіпсіздік, халықаралық ұйымдар аясындағы серіктестік, Жібек жолының тарихи маңызы, сондай-ақ Орталық Азиядағы діни ахуал мен түркітілдес мемлекеттердің интеграциясы мәселелері талқыланбақ.
Сондай-ақ институттың 30 жылдығына арналған «Ордалы отыз жыл» кітап-альбомы мен конференция материалдарының жинағы таныстырылып, ғылыми жарияланымдар көрмесі ұйымдастырылады.
Еске салсақ, Қазақстанның зайырлылық тәжірибесі Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясында таныстырылды.