Ғылыми жиынға Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, Мажарстанның «Тұран» қорының президенті Андраш Биро, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Моңғолияның археология саласындағы ұйымдарының басшылары мен өкілдері, Түркияның Тарих қоғамының өкілдері, сондай-ақ Мажарстан Ұлттық музейінің басшылығы мен мамандары қатысты.
Отырысты ашқан Шаһин Мұстафаев ARICA құрылғаннан бергі үш жылда ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын қалыптастыру кезеңінен нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған халықаралық ғылыми желі құру кезеңіне өткенін айтты.
— ARICA қалыптасу кезеңінен өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған халықаралық ғылыми желіге айналып келеді, — деді Түркі академиясының басшысы.
ARICA Түркі академиясының бастамасымен 2023 жылы Самарқандта құрылған еді. Қауымдастықтың алғашқы ресми отырысы 2024 жылы Шуша қаласында, екінші отырысы — 2025 жылы Анкара мен Газиантепте өтті. Бұл аралықта қатысушылар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, бірлескен ғылыми бастамалар мен баспа жобаларын жүзеге асыруға кірісті.
Үшінші отырыстың негізгі бөлігі бірлескен жұмыстың практикалық тетіктерін талқылауға арналды. Қатысушылар Түркі елдерінің археологиялық мұрасын бірлесіп зерттеуге бағытталған ARICA халықаралық бағдарламасын құру мәселесін қарастырды. Бағдарлама аясында әр елдің мамандары жыл сайын бірлескен зерттеулер үшін басты археологиялық нысандар мен ғылыми тақырыптарды айқындап, далалық зерттеу, қазба жұмыстары, құжаттандыру және ғылыми талдау жұмыстарын бірге жүргізе алады.
Ықтимал зерттеу бағыттарының қатарында Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар, ерте түркі кезеңінің ескерткіштері, көне суару жүйелері, Еуразияның көшпелі мәдениеттерінің археологиялық мұрасы және ортағасырлық өндіріс орталықтары бар.
Тағы бір талқыланған маңызды жоба — Түркі елдерінің археологиялық ескерткіштерінің электрондық атласын құру болды. Бірыңғай цифрлық базаға аса маңызды археологиялық нысандардың орналасқан жері, хронологиясы, ғылыми сипаттамасы, фотоматериалдары, жоспарлары, зерттелу жағдайы және негізгі ғылыми жарияланымдары туралы мәлімет енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ қатысушылар ARICA цифрлық ақпараттық порталы мен электрондық зерттеу дерекқорын құру мәселесін қарастырды. Платформа түркі әлемінің археологиялық ұйымдары, зерттеушілері мен ғылыми орталықтары арасында тұрақты ғылыми ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге бағытталмақ. Порталда бірлескен экспедициялар мен зерттеулер, ғылыми жарияланымдар, конференциялар, гранттар, білім беру бағдарламалары, зерттеушілер мен бейінді ұйымдар туралы ақпарат жариялануы мүмкін.
Бұдан бөлек, Түркі академиясының президенті археологиялық зерттеулердің нәтижелерін талқылау үшін жыл сайын ARICA археологиялық зерттеулерінің қорытынды кездесуін өткізуді ұсынды. Мұндай басқосуда жүргізілген қазба жұмыстары мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстырып, жаңа ғылыми жаңалықтарды талқылауға және келер жылға арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік туады.
— Дәл осы төрт бастама ARICA-ны түркі әлемінің ортақ археологиялық мұрасы саласындағы тиімді әрі тұрақты ынтымақтастық платформасына айналдыра алады, — деді академия басшысы.
Отырыста Мажарстанмен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға да ерекше назар аударылды. Мажарстан ғалымдарының, ұйымдарының, музейлері мен зерттеу орталықтарының ғұндар, Еуразия даласы және түркілердің ерте тарихын зерттеуге көп жылдан бері елеулі үлес қосып келе жатқаны атап өтілді.
Жиында Мажарстанмен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға да ерекше назар аударылды. Мажарстан ғалымдарының, ұйымдарының, музейлері мен зерттеу орталықтарының ғұндар, Еуразия даласы және түркілердің ерте тарихын зерттеуге көп жылдан бері елеулі үлес қосып келе жатқаны атап өтілді.
Отырыс аясында «Түркі әлемінің археологтары: қысқаша өмірбаяндар» атты басылымның тұсаукесері өтті. Жинақта түркі әлемінің түрлі елдеріндегі археология ғылымының дамуына үлес қосқан көрнекті археологтар, олардың ғылыми зерттеулері мен салаға қосқан үлесі туралы мәліметтер жинақталған. Басылым түркі әлеміндегі археология ғылымының қалыптасуы мен дамуына қатысты ортақ ғылыми жадты жүйелеуге бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша ARICA үшінші отырысының Қорытынды қарары қабылданды. Құжатта алдағы жылдары атқарылатын негізгі жұмыстар белгіленді. Атап айтқанда, археологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізу, ортақ цифрлық база құру және түркі елдерінің ғылыми ұйымдары арасында тұрақты ақпарат алмасуды жолға қою жөніндегі міндеттер айқындалды.
Кездесу қорытындысы бойынша ARICA үшінші отырысының қорытынды қарары қабылданды. Құжатта алдағы жылдарға арналған негізгі басымдықтар мен бірлескен іс-қимыл жоспары айқындалды. Қатысушылар археологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізу, бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру және түркі әлемінің ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында жүйелі ғылыми ақпарат алмасуды дамыту бағыттарын бекітті.
Бұған дейін Әзербайжан астанасында бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығы аталып өткен еді.
Әндіжан Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды.